Бүгін Қарағанды облысында коронавирус індетін жұқтырған саны күрт өсіп, өңір Нұрсұлтан мен Алматыдан кейінгі орынға бір-ақ шықты. COVID-19 бір күнде 16 адамнан анықталды. Олардың барлығы оқшауланған. Осылайша, аймақта қатерлі кесел жабысқан тұрғындар саны 48-ге жетті.
Бүгін анықталған науқастардың бәрі коронавирустан қаза тапқан азаматпен және отбасы мүшелерімен байланыс жасағандар. Марқұм нотариус болып жұмыс істегенін, оның 200 астам адаммен қарым-қатынаста болғанын бұған дейін айтқан едік. Бүгінгі күні індет жұқтырғандардың үшеуі жан сақтау бөлімінде - ауыр жағдайда, оның біреуі аппараттың көмегімен тыныс алуда. Тағы үшеуінің жағдайы орташа ауырлық деңгейде. Барлық жұқтыруы мүмкін адамдарды анықтау үшін мұқият тексеру жүргізіледі. Байланыста болғандар түгел оқшауланады. Жалпы Қарағанды облысында үй карантинінде 1346 адам бар. Тағы 862 адам тәулік бойғы бақылауда.
7 сәуір 00:00 сағаттан бастап өңірдің барлық аумағына карантин енгізіледі. Қазір облыста 18 блок бекет бар
Бұған қоса, барлық авто және темір жол вокзалдары, әуежайлар жұмыс істемейді. Осыған дейін төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін облыста 229 әкімшілік іс қозғалған.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ