Мемлекет басшысы Трамп бастамашы болған суперинтеллект туралы келісімге қолдау білдірді – сарапшылар пікірі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge-2026 халықаралық форумында АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен қабылданған Суперинтеллект туралы келісім туралы айтты. Мемлекет басшысы бұл құжаттағы кейбір ұстанымдар алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі ортақ ережелерге негіз болуы мүмкін екеніне тоқталды.
Президент бір маңызды шартты нақты атап өтті: келісім алдымен мүдделі мемлекеттердің қатысуымен жан-жақты халықаралық талқылаудан өтуі керек.
Яғни әңгіме АҚШ-та қабылданған үлгіні сол күйінде бүкіл әлемге енгізу туралы емес. Керісінше, осы келісімдегі негізгі қағидаларды ортақ талқылауға шығарып, әр елдің ұсынысы мен мүддесін ескере отырып, халықаралық деңгейде ортақ шешімге келу көзделіп отыр.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев мұндай тәсілдің маңызы жасанды интеллектінің бір елдің шекарасымен шектелмейтінінде екенін айтады. Оның сөзінше, бір мемлекетте жасалған жасанды интеллект жүйесін әлемнің көптеген елі пайдалана алады. Сондықтан қандай да бір ақау немесе қауіп туындаса, оның салдары да бірнеше елге әсер етуі мүмкін. Сол себепті мемлекеттер тәуекелді кім бағалайтынын, әзірлеушілер қандай ақпарат беруі керектігін және қауіп анықталса, қандай әрекет жасалатынын алдын ала келісіп алғаны дұрыс.
«Трамп бастамашы болған келісімде компаниялардың өз ішіндегі бақылау, тәуелсіз сыртқы тексеру және басшылық деңгейіндегі қадағалау қарастырылған. Құжаттың заңдық тұрғыдан міндетті күші жоқ, оған қатысу ерікті», - деді ҚСЗИ сарапшысы.Айдар Құрмашевтың пікірінше, бұл жерде әзірлеуші компаниялардың рөлі өте маңызды. Өйткені жасанды интеллект үлгілерінің қалай жасалғанын, қандай сынақтан өткенін және қандай әлсіз тұстары барын ең жақсы білетін солар. Дегенмен компанияның өз сөзіне ғана сүйену жеткіліксіз. Қауіпсіздік талаптарының шын мәнінде орындалып жатқанын сырттан тәуелсіз тексеру де қажет.

ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Айгерім Абдрашитова жасанды интеллект кең тараған сайын елдер арасындағы ортақ келісімнің маңызы да арта түсетінін атап өтті.
Оның айтуынша, жасанды интеллект қазір экономикада, мемлекеттік қызметте, медицинада, қаржы саласында және күнделікті өмірде кеңінен қолданылып келеді. Мұндай жағдайда қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесін тек бір елдің ішінде шешу жеткіліксіз болуы мүмкін.
Сондықтан Президент атап өткендей, суперинтеллект туралы келісімді әлемдік үлгі ретінде қабылдамас бұрын, оны халықаралық деңгейде егжей-тегжейлі талқылау қажет. Әр мемлекет өзіне қандай талаптардың қолайлы екенін, әзірлеушілер қандай жауапкершілік алуы керектігін және қауіпсіздік қалай тексерілетінін ортақ талқылауда анықтауы тиіс.
Қазақстан үшін де бұл мәселенің маңызы зор. Осы тұста Жасанды интеллект ел экономикасы мен мемлекеттік басқаруға кеңірек енгізілген сайын қолданылатын жүйенің қаншалықты сенімді екені, қандай сынақтардан өткенін және ақау болған жағдайда кім жауап беретінін түсіну маңызды болып тұр.
«Президенттің ұсынысы америкалық келісімді сол күйінде қабылдауды көздемейді. Негізгі ой — оны халықаралық талқылауға негіз етіп алып, әр елдің пікірін ескеріп, ортақ әрі түсінікті ережелер әзірлеу. Тек осындай талқылаудан кейін ғана келісімдегі кейбір қағидалар жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты халықаралық талаптарға негіз бола алады», - деді сарапшы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы