Басты Жаңалықтар Бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын білікті мамандар қажет - Тоқаев

Бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын білікті мамандар қажет - Тоқаев

Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы, бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет. Осы тұста ескеретін маңызды мәселе бар. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн.

Жасанды интеллект: Мүмкіндікпен бірге қаупі де артады

Президенттің айтқан тағы бір маңызды сөзі - технология қарқынды түрде дамыған сайын, білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түспек. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілету мәселесіне ерекше тоқталды. Өйткені жасанды зерденің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ.
Бөлісу