2 сәуір сағат 00:00-ден бастап Өскемен мен Семей қалаларында қосымша шектеулер енгізіледі. Қалалардан шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге жүруге рұқсат беріледі.
6 сәуірден бастап жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері, көлік нөмірі нөлді қосқанда тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді.
6 сәуірден бастап Өскемен, Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады:
І түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған.
ІІ түрі - әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, медицина мекемелеріне баруға болады.
Жасыл түсті рұқсат қағазымен жұп күндері, ақ түсті рұқсат қағазымен тек тақ күндері жүруге болады.
2 сәуірден бастап, азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді. Өскемен 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Коммуналдық және байланыс қызметтері үздіксіз жұмыс атқаратын болады.