Испания прокуратурасы қазіргі таңда елде белең алған иттерді жаппай асырап алу фактілері бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Europe Press агенттігінің мәлімдеуінше, испаниялықтар бұл әрекетке карантин режимін бұзып, заңсыз серуенге шығу үшін барып отыр.
Испанияда төтенше жағдай режимі 11 сәуірге дейін ұзартылды. Тұрғындар тек азық-түлік, дәрі сатып алу үшін, ауруханаға баруға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек беру үшін көшеге шыға алады. Сонымен қатар, ит-мысықтарды бір мезгіл серуенге шығаруға да рұқсат етілген.
Қараусыз қалған иттерді жаппай асырап алу фактілері бойынша тергеу жұмыстарын бастау туралы жарлыққа Испания бас прокуратурасының қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Антонио Верчер қол қойды. Оның айтуынша, елде карантин режиімі аяқталған соң үй жануарларынан бас тартушылар саны көп болуы мүмкін. «Ал заңсыз бас тартқандарды қылмыстық жаза күтіп тұр», - дейді Антонио Верчер.
Испанияда карантин режимі енгізілгеннен кейін заңсыз серуендеу үшін иттерді пайдалану оқиғалары жиі тіркелуде. Мәселен, А-Корунья қаласының тұрғыны иттерін әлеуметтік желі арқылы жалға беріп отырған.
Дереккөз: ria.ru