Басты Жаңалықтар Бүгін Астанада 3,5 млрд доллардың инвестициялық келісімі бекіді

Бүгін Астанада 3,5 млрд доллардың инвестициялық келісімі бекіді

«Әлемдік инвестиция жөніндегі дөңгелек үстел» деп аталатын форум қорытындысы бойынша ұзын саны 13 келісімге қол қойылды. Оның ішінде «Алматының үлкен айналма жолы» жобасы бар. Құрылысы келер жылы көктемде басталады. Жобаны жүзеге асыратын Оңтүстік Корея мен Түркия компаниясының бірлескен консорциумы 180 млрд. теңге ақша бөліп отыр. Форумға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев және әлемнің ең ірі компанияларының өкілдері қатысып Қазақстанға жаңа бағытта инвестиция тартуды қызу талқылады.

Қазақстан инвестиция тарту бойынша біраз тәжірибе жинап үлгерген ел. Осы күнге дейін сырттан 250 млрд. доллар ақша тартып ел экономикасына жұмсады. Бірақ, соңғы 1-2 жылда әлемдік қаржы дағдырысының салқыны бізге де тиді. Экономикалық даму көрсеткіш бәсеңдеп, инвестиция көлемі төмендеп қалған еді. Ал, қазір жағдай тұрақталды. Ішкі жалпы өнім 4 пайыздық өсімге жетті. Бірақ, инвесторлар үшін жаңа алаңдар, өзге салалар қажет. Бұрынғыдай тек көмірсутекті шикізатқа қызықтыру мүмкін емес. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Қолданыстағы ескі база негізінде инвестиция үшін күресер болсақ, алысқа бармаймыз. Сондықтан, Президент үшінші жаңғыруды жария етті. Оның басты локомативі технологиялық жаңғыру. Ал, оны цифрландыру арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Біз бүкіл экономиканы өзгерту қажеттігін түсіндік. Ол әлемде бар талаптарға сәйкес қайта түзелуі тиіс. Барлық жағдай өте жылдам өзгеріп жатыр. Егер ұзақ ойлансақ, тағы кеш қаламыз. Өйткені, пойыз орнынан қозғалды, бірақ, соңғы вагонға мініп үлгеруге мүмкіндік бар.

Премьер-министрдің ашық пікірі дөңгелек үстелдің жұмысын қыздыра түсті. Жаһан жұрты алға ұмтылып, бәсеке күшейген тұста, жұтылып кетпеудің қамын жасау керек. «Бұл тұрғыда қателессең де, қайта тұрғаның маңызды», дейді беделді сарапшылар. 

Стефка Славова, Дүниежүзі банкі тобының жетекші экономисі:

- Мен Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқаныма біраз болды. Елдің даму динамикасы бар. Ендігіде жеке секторға көп көңіл бөлінсе. Өйткені, Үкімет алдына қойып отырған мақсатына жету үшін ішкі жалпы өнім көрсеткіші 6-7 пайызға жету керек және бірнеше жыл тұрақты ұстау керек. Оған қалай жетуге болады? Қателіктерге жеткізсе де, жылдам шешім қабылдап, ширақ қимылдау керек.

Әлемнің жаңа үрдістеріне ілесу үшін жаппай цифрлық технологияға көшу жайы бүгін жиі айтылды. Ел үкіметі дайындаған «Цифрлы Қазақстан» жобасын шетелдіктер қолдап отыр. «Бірақ, бұл тұрғыда үнемі Батыс үлгі бола алмайды», - дейді сарапшылар.

Джон Кэмпбелл, Aberdeen asset management компаниясының стратегиялық тұтынушылармен жұмыс бөлімінің жетекшісі:

- Сіздер Батысқа қарайсыздар, Шығысқа қарамайсыздар. Мәселен, цифрлы технологияны АҚШ-қа қарағанда Қытай жылдам игеруде. Осы саладағы мықты өнімдер де Қытайдан шығады. Мұны пайдалану керек.

Сонымен дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша 13 келісімге қол қойылды. Жалпы құны 3,5 млрд. доллардың жобалары. Оның ішінде 800 млн. доллары ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Одан кейін жол құрылысына да бөлінетін қаржы қомақты.

Кристофер Маркс, MUFG компаниясының атқарушы директоры:

- Қазақстан алып елдердің арасында тұр. Бұл жерде транспорттық логистикалық бағытты ұтымды пайдалануға болады. Осы салаға инвестиция тартуға зор мүмкіндік бар. 

Жалпы, еліміздің инвестиция тарту жөніндегі жағдайы қайта түзеліп келеді. Биылғы жағдай соңғы екі жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша ол сома өсіп жатыр, алты айдың ішінде Қазақстанға 10 млрд. астам тікелей инвестиция келді. Ол динамиканы жалғастыру үшін осындай форумдар керек.

Бастысы, шетелдік инвесторлар Қазақстанға қаржы салуға ынталы. Тіпті, осы елдің бір пайдасына жарауға дайын.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Бөлісу