Басты Жаңалықтар «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота саны артты

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота саны артты

Соңғы төрт жылда елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 7 мың квота бөлініп, 13 мыңға жуық нәресте  дүниеге келген. Ал биыл бірқатар өңірлерге бөлінген квота саны едәуір артты. Мысалы, Қостанай облысында енді 261 отбасының бала сүюге мүмкіндігі бар. Мәдина Нағашыбайдың бейнематериалы.

Виктория үшін баланың шаттығы мен сыңғыр күлкісінен асқан бақыт жоқ. Әр жылын үмітпен жалғап, ақыры жеткен 10 жылдан кейінгі қуаныш бәрінен қымбат. Екі рет бала көтергенімен, ана болу бұйырмапты. Дәрігерлер нақты диагноз қоймаса да, кінәрат жатыр түтігінен екенін айтқан. Сондықтан 2021 жылы жолдасы екеуі экстракорпоральды ұрықтандыру жолын таңдайды. Ал бүгінде ол бір емес, егіз бала Ярослав пен Есенияның анасы.

Виктория Ткаченко, Қостанай қаласының тұрғыны:

Консультацияға барған кезімде күмәнім болғаны рас. Себебі мемлекеттік квота алудың машақаты көп деп ойладым. Бірақ жылдың соңы болса да мені бірден кезекке қойды. Ал екі айдан соң квотаға іліктік. Қажет сараптамаларды тапсырып, көктемде процедураға Астана қаласына келдім. Тура бір жылдың ішінде ана атану бұйырды.

Былтыр Қостанай облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 203 квота бөлінген. Оның әзірше 20 пайызына жуығы сәтті аяқталды. Ал 102 әйел аман-есен босанып, баласын бауырына басты.

Әсел Файзуллина, Қостанай облыстық ауруханасының ЭКҰ бойынша штаттан тыс бас маманы:

Биыл бөлінген квота саны артты. Ал кезекте тұрған аналардың саны азайып келеді. Былтыр 400-ден аса азамат бағдарламаға ілігуге үмітті болса, биыл олардың саны 300-ден төмен. Яғни көбі көптен күткен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ал биыл 5 қаңтарға дейін кезекке тұрған әйелдердің  барлығы квотаға ілігіп, ЭКҰ жасатады.

Бедеуліктің бірнеше себебі бар. Әйелдер арасында жатыр түтігінен, жатырдың өзінен немесе эндокринді жүйенің бұзылуынан болады. Алайда диагноздың 40 пайызы ерлерге де қойылады дейді мамандар.

Антон Кистанов, Қостанай облыстық ауруханасының уролог-андрологы:

Бұл жердегі мәселе - ер адамдардың көбіне құлықсыз болуы. Сондықтан бар салмақты әйелге салып жатады. Жалпы ерлердің процедура үшін тапсыруы тиіс зертханалық талдау саны төртеу ғана. Алайда соның өзін тапсырудан бас тартатындар бар. Ал дерттің ең негізгі себептері күйзеліс, қабыну процесстері және көбіне венерологиялық аурулар.

Жалпы бағдарламаға ана атанып, баласын бауырына басқысы келген медициналық сақтандыру бар қазақстандықтар қатыса алады. Ал елімізде МӘМС арқылы бұл қызмет 18 клиникада қолжетімді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынғалы елімізде 34 мың әйел дәрігерлердің көмегіне жүгінген, 13 мың нәресте дүниеге келген.



Бөлісу