Соңғы 10 жылда елімізге 250 миллиард доллардай тікелей инвестиция тартылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 10 жылда елімізге 250 миллиард доллардай тікелей инвестиция тартылған

05.12.2017

Қазақстанның экономикасына қаржы құятын инвесторлардың саны артуы мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада басталған «Қазақстан глобал инвест» форумында айтылды. Жиынға әлемнің жетекші алпауыт компаниялары, министрлер, беделді кәсіпкерлер қатысып жатыр. Қазақ тарапы оларға еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, түрлі салаға инвестиция құюға шақырды.

Бұл жиынның жалпы ел үшін, экономикамыз үшін пайдасы мол. Өйткені, әлемнің 100-ден астам ірі компаниясы, қомақты қаржысы бар инвесторлардың барлығы осында. Бүгінгі жиынға төрағалық етіп отырған Премьер-миинстр Бақытжан Сағынтаев шетелдік меймандарға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Үкімет басшысы инвесторларға жасалатын салық жеңілдігі, «Қазақ инвест» тарапынан көрсетілетін көмектер, виза жеңілдігі сияқты мәселелерді айтты. Жалпы, инвесторлардың біздің елге деген қызығушылығы жоғары. «Өйткені, Қазақстанның экономикасы тұрақты», - дейді олар. Сондай-ақ, біздің ел 3 триллион доллардай қомақты қаржысы бар ЕврАзЭс ұйымына мүше. Бұл да бір жағынан оларға пайдасын тігізеді. Сонымен қатар, алпауыт нарығы бар Қытай еліне де біз арқылы шығуға болады. Жалпы, соңғы 10 жылда елімізге 250 миллиард доллардай тікелей инвестиция тартылған. Соңғы жылдары бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 миллиард доллар инвестиция құйылды. Ал, бүгінгі жиында жалпы сомасы 3,5 миллиард доллар болатын 12-13 келісімге қол қойылады деп жоспарлануда. Олар тау-кен металлургия кешенін, ауыл шаруашылығын, көлік логистикасы сияқты салаларды қамтиды. Ал, агроөнеркәсіп кешені бойынша 800 миллион долларлық келісімшарт жасалуы тиіс.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу