Бұл - «Қазақ елі» сериясы бойынша шыққан алтыншы купюра. Қағаз ақшаның дизайны бұрын шыққан жоғары номиналды ақшалардың қорғанышына сәйкес жасалған. Теңгенің бір бетінде «Қазақ елі» монументі мен көгершіндер, екінші бетінде Каспий теңізі бейнеленген. Жалпы, ақшаның түсі мен реңі өзгерген жоқ. Жаңа банкноттың дизайны 2015 жылы жасалғандықтан, жазулар кириллица әрпімен басылған. Айта кетейік, қазіргі қолданыста жүрген 500 теңгелік ақша 2020 жылдың 10 шілдесіне дейін айналымда жүреді. Брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы теңгенің жазуларын латын қарпіне көшіру туралы журналистердің сұрағына жауап берді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Банкноттар мен монеталардағы жазуларды өзгерту бойынша жұмыс Президенттің латын қарпіне көшу туралы Жарлығына сәйкес жүргізілетін болады. Біз сондай ақпарат бердік. Қазір жаңа ақшаны енгізудің қандай да бір мерзімдері, сондай-ақ, олардың дизайнына қойылатын талаптардың ықтимал өзгерістері туралы айту әлі ертерек.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ