Сенат 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын Мәжіліске қайтарды. Қаржының басым бөлігі 13 трлн. 434 млрд. теңге әлеуметтік салаға бағытталады, ал, денсаулық сақтау саласында 3 трлн. 363 млрд. теңге жұмсалады. Білім мен ғылымды дамыту мақсатында 416,7 млрд. теңге бөлінбек. Ал, депутаттар 78 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйдің төрттен біріне жөндеу қажеттігін айтып, арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігіне тоқталды.
Рысқали Әбдікеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Республикадағы көппәтерлі тұрғын үйдің 2,5 мыңы апатты жағдайда. Неге салалық бағдарлама әзірленіп, республикалық бюджетте қаражат қаралмаған?
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Бүгін барлық тұрғын үй қоры жеке меншікте. Сондықтан, күтіп ұстау - жеке меншіктің міндеті. 2011-2015 жылдар аралығында күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу үшін республикалық бюджеттен кредит ретінде әкімдіктерге 33 млрд. 600 млн. теңге берілді.
Индира БЕГАЙДАР