Бүгін - Ұлттық валюта күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Ұлттық валюта күні

15.11.2017

Бүгін - Ұлттық валюта күні. 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ұлттық валюта боп бекітілген теңге тәуелсiз елдiң негізгі рәмiздерiнiң бiрiне айналды. Бастысы, сол күннен бастап Қазақ елі дербес қаржы саясатын жүргізе бастады. Бүгінде әлемдік ақша нарығында теңгеміз өз орнын тауып, заман талабына сай түлеп, түрленді.

Әлемдегі әр мемлекеттің өз ақшасы бар. Біздің ел де Тәуелсіздік алған сәтте қаржылық операцияларды ұлттық валютамен жүргізуге ұмтылды. Өйткені, Кеңес одағы күйреген 90-шы жылдардың басында барлық мемлекет дербес ақшаларын енгізе бастады. Бүгін міне, сол қадам тарихи оқиғаға айналды. 24 жылдың ішінде төл теңгемен болашағын бір санайтын  ұрпақ қалыптасты. 

Мақсат Халық, қаржыгер:

 - Қоғамымыздағы ақша айналымы процесі әрбір азаматтың өзінің тұтынушылығын қамтамасыз етуі осы теңгеміз арқылы жүзеге асады.  Сондықтан да теңгенің жай ғана қолымызда ұстап жүрген қағаз деген құндылығынан гөрі, шын мәніндегі ұлттық идеологияны насихаттайтын, өзіміздің қазақылығымызды, мемлекеттігімізді көрсететін үлкен мәртебесі бар.

Теңге елімізде еркін айналымға еніп, халықтың негізгі сауда жасау құралына айналды.  Қазір қоғамда жас та, жасамыс та ұлттық валютаны тұтынады. Сондықтан, теңгеге деген халықтың сенімі жыл өткен сайын артып келеді.

Енді, теңгенің халықаралық қаржы нарығындағы орнын айқындау үшін әлем елдерімен бірлесіп жұмыс істеу керек. Мәселен, бүгін Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің VII конгресінде сала мамандары осы тақырып төңірегінде тұшымды ой-пікір айтты.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы: 

 - Мен әлемдік қаржы нарығында ұлттық валютаның нығайғанын қалаймын. Халықтың өзге елдердің валютасы мен өнімдеріне деген құрметі қандай болса, ұлттық валютаға да сондай құрмет көрсетуін тілер едім. Бұл бағытта көрсеткіштің бар екенін көріп отырмыз. Әлі де бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр.

Теңге азаттық жылдарында қарыстап емес, қарыштап дамыған ел экономикасымен бірге түледі. Бірнеше рет әлемдік қаржы дағдарысына төтеп берді. Дүниежүзілік ақша айналымы жүйесінен орын тауып, еліміздің экономикалық дамуына тұғыр болды. Ұлттық валютамыз мемлекеттің қаржы-несиелік саясатының жүзеге асуына да лайықты ықпал етіп отыр. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу