Төл теңгеміздің 24 жылдығына орай ұйымдастырылған басқосуда әлемнің әр қиырынан келген сарапшы-мамандар сөз сөйлеп, жаһандық қаржы нарығының өзекті мәселелерін талқылады.
Жалпы, аталған іс-шара елімізде бұған дейін 2006 жылы өткен. Содан бергі 11 жылдың ішінде көптеген өзгеріс болды. Шикізат саудасындағы энергетикалық отын және бағалы металдардың өзіндік құнының өзгеруі халықаралық қаржы нарығына әсер етті. Сондықтан, экономистер макроэкономикалық саясат пен қаржы секторының болашақтағы даму бағыттарын жүйелеу жолдарын саралады.
Бұдан басқа, сақтандыру нарығындағы жағдай басты назарда тұрғандығы айтылды. Өйткені, осы сақтандыру саласы әлемді бірігуге бастайды. «Бастысы, бұл алаң кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметкерлердің арасында үлкен көпір орнатты», - дейді қаржыгерлер.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Қаржыгерлердің басқосуы тек жеткен жетістіктерге мақтанып, жақсы жұмыс істегенімізді ғана айтып есеп беретін алаң емес. Бұл - Ұлттық банк пен Үкіметтің және қаржы институттарының бірігіп атқаратын шаруаларын жоспарлау алаңы. Басты мәселе - халықтың сапалы қаржылық қызметін алып, өздерінің ақшасы үшін уайымдамауын қадағалау. Сондықтан, біз бұл шараны дәстүрге айналдырып, түрлі тақырыптарды талдаймыз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ