Облыстағы 100 елді мекен келер жылдан бастап жаңа жүйе бойынша жұмыс істейді. Демек, тұрғындар саны 2 мыңнан асатын әкімшілік аумақтық бірліктің өз қазынасы болады. Әкімдер қазірден-ақ кіріс пен шығыс мөлшерін есептеп, жоспарларын әзірлеп отыр. Жаңа форматтағы жұмысқа кіріспес бұрын олар жазда өңірлік біліктілікті көтеру орталығында арнайы дайындықтан да өткен.
Облыс орталығына іргелес Прапорщиково ауылы ішіндегі жолдар тозып, көшенің сиқы кеткен. Валентина Харченко «қадам сайын ой-шұңқырға тап боласың», деп шағымданады. «Әсіресе, күзде, көктемде саз-балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес», - дейді тұрғын.
Валентина Харченко, ауыл тұрғыны:
- Әсіресе, көктем кезінде мұндағы жолдар көлге айналады. Аяққа арнайы бәтеңке кимесең, өте алмайсың. Жолдардың жағдайы сын көтермейді.
Бұл - Киров ауылдық округіне қарасты бес ауылдың бірі. Бір ғана жол емес, басқа да проблема жетіп-артылады. Алайда, оларды ауыл әкімі қалай шешетінін ойластырып қойған. 5,5 мыңға жуық халқы бар елді мекен келер жылы дербес бюджетке көшеді. Қазынаға ішкі салық есебінен түсетін кіріс шамамен 32 млн.теңге болмақ.
Ерлан Жұмағұлов, Киров ауылдық округінің әкімі:
- Сол 32 млн-ды біз жергілікті комиссиямен шешіп, түскен ақшаны ең нашар деген көшелерге бөлмекпіз. Тағы да бір мәселе - ауылдағы көшелерді жарықтандыру. Сол ақшадан тағы да бірнеше көшелерді жарықтандырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Өңірдегі басқа да ауыл-кенттердің бюджет жобалары әзір. Заңнамаға сәйкес, олар 10-қарашаға дейін аудандық мәслихаттарға ұсынылады. Ал, желтоқсанның соңына дейін бекітілуі тиіс.
Гүлайым Касенова, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:
- Ауылдық округтердің шығыстары белгілі. Аудандық өкілетті орган да барлығын тапсырып, біліп отыр. Егер де табыс пен шығыс көлемдері бірін-бірі жаппаған жағдайда аудандық бюджеттен субвенция беріледі.
Алым-салықтар жылдың басында емес, наурыз айына таман жүйеленеді. Сондықтан, Киров ауылы бастапқыда ауданнан берілетін қаржы есебінен күн көре тұрмақ. Ал, дербес бюджетке қол жеткізгеннен кейін басқа да мәселелер рет-ретімен шешіле бермек.
Зарина ҰЛЫҚБЕК