Веронада өткен Еуразиялык экономикалық форумда Еуразиялық одақ пен Еуроодақтың интеграциясы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Веронада өткен Еуразиялык экономикалық форумда Еуразиялық одақ пен Еуроодақтың интеграциясы талқыланды

23.10.2017

Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақ өзара ынтымақтастықты арттыруы қажет. Бұл қадамнан қос тарап та ұтпаса, ұтылмайды. Италияның Верона қаласында өткен Еуразиялық экономикалық форум кезінде үлкен Еуразия елдерінің бизнесмендері мен саясаткерлері осындай пікір айтты. Әсіресе, қазір еуропалық инвесторлар Еуразиялық одақ елдерімен арадағы іскерлік байланыстарды бекітуге ниетті болып отыр. Ендігі кезек саясаткерлерде.

Верона – Италияның солтүстік-шығысында орналасқан туристік қала. Жыл сайын бұл жерге 3 миллиондай турист келіп-кетеді. Сонымен қатар, бұл көне шаһарда көптеген фестивальдер, форумдар жиі өтіп тұрады. Мәселен, соңғы 10 жылдан бері Верона қаласында дәстүрлі түрде Еуразиялық экономикалық форум өтіп жүр. Биыл да жүздеген делегат осы Веронаға жиналып, Еуразиялық одақ пен Еуроодақтың арасындағы интеграцияны талқылады.   

Қос құрылым арасындағы байланыстарды жандандыру, барлық тарапқа тиімді. Мұны форумға жиналған саясаткерлер мен экономистер жақсы түсінеді. Екіжақты ынтымақтастықты арттыруға әсіресе, бизнес қауымдастық мүдделі. Себебі, 2012 жылдан бері Еуразиялық одақ пен Еуроодақ арасындағы өзара тауаралмасу 25 пайызға күрт кеміді. Сондықтан болар, жиында сөз сөйлеген Германияның экс-канцлері Герхард Шредер, Италияның бұрынғы Премьер-министрі Романо Проди сынды белгілі тұлғалар әріптестікті дамытуға шақырды.

Романо Проди, Италияның бұрынғы премьер-министрі:

- Соңғы кездері Еуразиялық экономикалық одақтың рөлі айрықша артып келеді. Бұл факт Қазақстан, Ресей, Белорусия, Армения және Қырғызстан тарапымен диалогты дамытуға ықпал етуі тиіс. Біз енді бұл елдермен жеке-жеке келіссөздер жүргізбей-ақ, бір ғана органмен ынтымақтастық орната аламыз. Еуразиялық одақ пен Еуроодақ соңғы жылдары құлдырап кеткен өзара сауданың көлемін қайтадан көбейтуі тиіс. Меніңше, Веронадағы форумда айтылған осы пікірлер, енді ресми деңгейге шығуы керек.

Антонио Фаллико - Еуропада ғана емес, ТМД елдерінде де танымал бизнесмен. Ол соңғы 10 жылдан бері осы Верона форумын ұйымдастырып, тараптарды алыс-беріс, барыс-келіске шақырудан жалыққан емес. Қаржыгердің айтуынша, Еуразиялық одақ пен Еуропаның арасындағы интеграцияны дамытуда Қазақ елінің маңызы зор.  

Антонио Фаллико, «Еуразияны тану»  қауымдастығының президенті:

- Халықаралық аренада Қазақстан экономикалық тұрғыдан да, саяси жағынан да абыройлы ел. Сондықтан, Батыс елдері тарапынан санкция салынбаған мұндай мемлекетпен қарым-қатынасымызды дамыту біз үшін өте маңызды. Геосаяси тұрғыда маңызды рөл ойнайтын Қазақстан арқылы, біз Германия, АҚШ тарапымен байланыстарымызды дамытамыз және Қазақстан арқылы Ресей, Қытай, Үндістан нарығына шығуға болады.

Верона форумына бірқатар жекелеген отандық кәсіпорындар мен «Kazakh Invest»  Ұлттық компаниясы қатысты. Себебі, бұл жер біз үшін, еуропалық инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, жаңа әріптес табуға арналған тамаша алаң саналады.

Біржан Қанешев, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Трансұлттық компаниялардың көбісі қатысып жатыр, Қазақстанда істеп жатқандары, я істеуге жоспарлары барлары. Соның бәріне біздердегі заңдарда қандай өзгерістер болатынын айтып, қазіргі жаңа Салық кодесінде қандай өзгерістер бар екенін түсіндірдік. Біз оны Елбасының тапсырмасы бойынша Еуропа стандарттарына жеткізу керекпіз. Осы жұмыстарды айтып кездесулер өткізіп жатырмыз.

Экономикалық форумға 25 елден келген 1200 адам қатысты. Олардың басым көпшілігі іскер азаматтар және түгелге жуығы экономикалық интеграцияны қолдайды. Алайда әзірге, бірқатар бизнес бастамаларға кейбір саяси амбициялар кедергі болып тұр. Жиында айтылған ортақ ой осы.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу