Коронавирус эпидемиясын пандемия деп жариялауға ерте - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус эпидемиясын пандемия деп жариялауға ерте

25.02.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 80 мыңнан асты. Тағы 2663 тұрғын одан қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, эпидемия Қытайда өзінің шарықтау шегіне ақпанның 2-де жетіп, содан бері төмендеп келеді. Дегенмен, планетаға төнген пандемия қаупі сейілмей тұр. Бұл ауруға Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары да шалдықты.

Осы аптада ол Солтүстік Азиядағы Қытай мен Кореяны ғана емес, Таяу Шығыс пен Еуропаны да едәуір мазалай бастады.

Коронавирус дүйсенбі күні Иракта, Кувейтте, Ауғанстанда, Бахрейнде, Оманда да анықталды. Ол бұл мемлекеттерге Ираннан оралғандардан жұққан.

Ал, Иранда коронавирустан 12 адам қайтыс болып, 61-і жұқтырған. Сол науқастардың ішінде елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирджи де бар.

Италия болса, Еуропада жаңа инфекцияның ең үлкен ошағына айналды. Мұнда коронавирусты 230-ға жуық адам жұқтырғандықтан, Ломбардия және Венето аймақтарындағы 11 қалашық өзге дүниеден оқшауланып отыр. Сонымен қатар, оқу орындары мен театрлар жабылып, әйгілі Венеция карнавалын мерзімінен екі күн бұрын аяқтауға тура келді.

Оңтүстік Кореяда СОVID-19 вирусы 830-дан астам адамнан табылып, 8 тұрғын қайтыс болған.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу