Коронавирус эпидемияға айналуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус эпидемияға айналуы мүмкін

25.02.2020

Әлем коронавирус пандемиясына дайын болуы үшін әлі де көбірек күш жұмсауы керек. Дегенмен планета сол пандемияға бүгінше жете қоймады. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Оның жетекшісі Тедрос Адханом Гебрейесустың сөзінше, әзірге адамзат жаңа вирустың жер шарына шектеусіз тарауына куә болып отырған жоқ. Бірақ, кейбір ғалымдар әлемнің пандемияға жеткенін немесе оның алғашқы сатысында тұрғанын айтып отыр. 

Өткен тәулікте коронавирус Таяу Шығысқа да жетті. Дүйсенбі күні емі жоқ дерт Ирак, Кувейт, Ауғанстан, Бахрейн, Оманда анықталды. Ал, Иранда бұл жұмбақ аурудан 12 адам қайтыс болған.

Оңтүстік Кореяда СОVID-19 вирусы 830-дан астам адамнан табылып, тағы 8 тұрғын одан қайтыс болған. Мұнда 7700-дей әскери қызметкер карантинге жабылды. Себебі, олардың 11-і коронавирусқа шалдыққан. 

Италия Еуропада жаңа инфекцияның ең үлкен ошағына айналды. Бұл мемлекетте коронавирусты 230-ға жуық адам жұқтырғандықтан, Ломбардия және Венето аймақтарындағы 11 қалашық тура Қытайдың Хубей провинциясы тәрізді толықтай оқшауланды.

Соңғы мәліметке қарағанда, жер жүзінде коронавирустан 2663 адам жан тәсілім етіп, тағы 79 мыңнан астам адам оны жұқтырғандар тізіміне алынды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу