Түркістан облысы Келес ауданындағы 5 ауылға осыдан үш жыл бұрын табиғи газ құбыры тартылғанымен, жұрт әлі күнге оның игілігін көре алмай отыр. Көшелердің қос қапталымен ұзына бой тартылған құбырлар мен есептегіш құралы орнатылған сары қобдишалар бүгінде ауылға құр әшейін сән беріп тұр. Ол аздай бұл елді мекендердің тұрғындары ауыз суды алыстан тасып ішеді. Ауыл ішіндегі жазда шаңы бұрқылдап, қыста ми батпаққа айналған жолдың азабы да елді қажытып жіберген.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бар қиындық газ тарату стансасына тіреліп тұр. Сарыағаш пен Келес аудандарының 20-ға тарта ауылына көгілдір отынның қысымын реттеп жіберуі тиіс болған станса құрылысы біткенмен әлі іске қосылатын емес. Газға жауапты компания әр нәрсені сылтау етіп, қабылдамаған.
Жолбасшы, Игілік пен Көлтоған ауылындағы мыңнан астам отбасы ауыз суды алыстан тасып ішеді. Ауыз су құбырын тарту жұмыстары осыдан екі ай бұрын басталды. Әкімдік құрылыс кестесіне сай жұмыс шілдеде аяқталады деп отыр. Ал жолдарға тас төсеу, асфальттау биылғы жылдың жоспарына енбеген.
Ғани ҚАЛМАХАН