Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар саны 636-ға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар саны 636-ға жетті

07.02.2020

Қытайда коронавирус туралы алғаш рет хабарлап, жазалана жаздаған дәрігер осы инфекциядан өзі қайтыс болды. 34 жастағы Ли Вэнлианның жан тәсілім еткенін жергілікті мемлекеттік ақпарат құралдары бірнеше сағат бұрын растады.

Ол Ухань қаласында офтальмолог болып жұмыс істеп, желтоқсан айында жеті адамның белгісіз ауруға шалдыққағанын байқаған. Содан кейін Ли дәрігерлерге сақтану туралы әлеуметтік желі арқылы ескерту жасайды. Бірақ осы әрекеті үшін оны полиция шақырып, жалған ақпарат таратты деген қағазға қол қойдырған. Ал қаңтардың соңында доктордың өзі де коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Соңғы мәліметке қарағанда, бұл аурудан қайтыс болғандардың саны 636-ға жетті. Ал одан емделіп жатқандар 31100-ден асқан. Және де осындай науқастармен байланыста болған 314 мың адамның жартысынан астамы қазір тексеріліп жатыр.

Жапония жағалауында карантинге жабылған круиздік кемеге тоқталсақ, онда коронавирус тағы 41 адамнан табылып, науқастардың жалпы саны 61-ге жетті. Бұл оқиғаға дейін саяхатшылар лайнерінің бортында 3700-дей адам болды. Және де жұмбақ дерт әлемнің 27 еліне жетіп, Қытайдан тыс жерлерде 320 адамнан анықталып отыр.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу