Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды

29.01.2020

Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын тойлау ресми түрде басталды. Шығыстың ғұлама-ойшылы, математик, музыка теоретигі, астролог, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған тұлғаны дәріптеп, өскелең ұрпақтың жадына сіңіру, насихаттау жолында ауқымды істер атқарылмақ.

 «Әлемнің екінші ұстазы» атанған күллі түркі жұртының бас ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мерекелік жиынға қатысушылар ең алдымен Әл-Фараби орталығы-кітапханасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Қонақтар Шығыс ойшылына арналған музейдің экспозицияларын тамашалады. Шарада бірқатар өнерпазға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік шәкіртақысы табыс етілді. Бұдан бөлек, мерейтой қарсаңында студенттер әл-Фарабидің ілімін еліміз бен әлемге тарату үшін «Қайырымды қоғам» атты челенджін бастаған.

Әл-Фарабидің толық аты «Әбу насыр Мухаммат бин мухаммат бин тархан бин ұзлақ әл-Фараби әт Түрки». Ғалымдардың сөзінше, есімдегі «әт Түрки» дегені оның Түркі елінен шыққанын дәлелдеп отыр. Ғалымдар екінші ұстаздың 870-ші жылы Отырарда дүниеге келгендігін айтады.

Ғалымдардың сөзінше, әл-Фараби ғұмырында 200-ге жуық шығарма жазған. Солардың тек 100-ге жуығы бізге жеткен. Қазір ойшылдың философиялық шығармалары кеңінен зерттеліп жатыр. Десек те, басқа қырына да аса мән беруіміз қажет. Сондықтан «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, содан соң айтып берейін» деген Шығыс ұстазын насихаттау ісі одан ары қарай жалғасатындығын айтады.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ


Хабарламаларға жазылу