086 медициналық анықтамасы азаматты соңғы тексерудің нәтижелері бойынша автоматты түрде жасалады және қажет болған жағдайда азамттың рұқсатымен автоматты түрде ұсынылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев айтты.
«Алдын алу шараларына сәйкес әр азамат жылына 1 рет тегін медициналық тексеруден өтуге құқылы. Барлық медициналық құжаттар біздің жүйелерімізде сақталады. Мемлекеттік органдар - ХҚКО, Ішкі істер министрлігі жүйеге соңғы медициналық тексеруден өту және 086 медициналық анықтамасын автоматты түрде шығару туралы сұраныс жібере алады» - деді Әбішев.
«Сәуір-мамыр айларынан бастап қағаз түріндегі анықтама талап етілмейтін болады», - деп сендірді вице-министр.
086 медициналық анықтамасы - бұл ең көп сұралатын құжаттардың бірі, жұмысқа орналасу, жүргізуші куәлігін алу және т.б. үшін қажет.
2019 жылдың желтоқсанында медициналық анықтаманың электронды форматқа ауысатындығы, яғни бір анықтаманы бір жыл бойы бірнеше рет қолдануға болатындығы белгілі болды.