Шағын және орта кәсіп иелері 3 жылға салықтан босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын және орта кәсіп иелері 3 жылға салықтан босатылады

09.12.2019

Шағын және орта кәсіп иелері келер жылдан бастап 3 жылға салықтан босатылады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов орталық коммуникациялар қызметінде өткен ғылыми-практикалық конференция аясында айтты. Бұл Жолдау жүктеген негізгі мәселелердің бірі. Бүгін Елордада Президент Жолдауының алғашқы нәтижелері талқыланды.

Ел экономикасының биылғы нәтижесі жаман емес. 10 айдағы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайыз. Жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау бағыттары бойынша даму басым. Нәтижесінде, еңбек нарығындағы ахуал біршама жақсарған. Халықтың нақты табысы артты. Жұмыссыздық деңгейі біршама түсіп, 4,8 пайызды көрсетті. Президент пәрмен берген негізгі міндеттердің бірі — шағын және орта бизнесті қолдау. Қазір ел халқының 30 пайыздан астамы кәсіппен айналысады. Мұны еселеп көбейту міндеті тұр. Осыған сәйкес, келер жылдан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілері табыс салығын төлеуден босатылады. 3 жылға. Бұдан бөлек тексеруге мораторий жарияланбақ. Осылайша, 3 жылда 100 мыңға жуық тексеріс тоқтатылады.

Ең тиімді инвестиция – ол білімге жұмсалатын қаржы. Білім сапасы мен мұғалімдердің мәртебесін арттыру үшін жаңа Заң әзірленді. Өйткені қазір мектепті «алтын белгімен» бітіргендер ұстаздық қызметке мүлдем жоламайды. Керісінше, ҰБТ-дан ең төмен балл алатын түлектердің 70-80 пайызы мұғалім болып жүр. Президент Жолдауда осы мәселеге ерекше басымдық беріп, нақты тапсырма жүктеген болатын.

Қысқа уақытта атқарылған іс ауқымды. Барлық бағыттағы көрсеткіш тәуір. Бастысы, билік пен бұқара арасындағы байланыс жақындай түскен.

Жыл соңына дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппарат пен Үкімет алдына қойған нақты тапсырмаларына байланысты тағы бірқатар құжат бекімек.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу