Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері басталды
Қазақстанда Ресейдің мәдениет күндері басталды. Шара аясында елорда тұрғындары көрші елдің өнерімен танысып, үздік фильмдерін тамашалай алады. Жоба екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Мәдениет күндері аясында алдымен сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Тараптар музей ісі, театр, білім беру және кино бағытындағы әріптестік мәселесін талқылады. Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұған дейін көтерілген бастамалардың нәтиже бере бастағанын атап өтті. Ал Ресей мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев мәдени байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтты.
Андрей Малышев, РФ мәдениет министрінің орынбасары:
Ұзақ жылдар бойы қос тарап бір-бірін жылы қабылдап, бірлескен талай жобалар жасап келеді. Себебі өнерде шекара жоқ. Былтыр Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері аясында өте талантты театр әртістері, балет труппалары, опера әншілері келіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара жоғары деңгейде өтті.
Екі елдің министрлері бірқатар жоба бойынша мемораднумға қол қойды. Қазақстан Ұлттық музейі мен Ресей этнографиялық музейі бірлесіп этнографиялық материалдар каталогын әзірлеуге кіріскен. Сондай-ақ Мемлекеттік Эрмитажбен бірге келер жылы археологиялық көрме өткізу жоспарланған. Реставрация саласындағы әріптестік арта түспек. Қазақстандық мамандар Ресейге барып тағылымдамадан өтпеді. Шекаралас аймақтағы музейлер архив ісі бойынша бірлескен жұмыстар атқармақ. Тараптар бірлесіп фильм түсіруге ниетті екенін жеткізді. «Роскино» ұйымы ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Мәдениет күндері аясында Ресей киносының фестивалі өтіп жатыр. Шара бағдарламасында ауқымды аудиторияға арналған түрлі жанрдағы фильмдер бар.
Эльза Антонова, «Роскино» бас директоры:
Біз қазақстандық көрерменге бүкіл әлем көрермендерінің сүйіспеншілігіне ие болған фильмдерді ұсынатынымызға қуаныштымыз. Мәдени диалогтың бір бөлігі болу және Астанада заманауи киносының үздік үлгілерін көрсету біз үшін үлкен мәртебе.
Мәдени шаралар легі Ресей өнерпаздарының гала-концертімен жалғасты. Өнер мен руханият тоғысқан тағылымды кеш компазициясымен ерекшеледі. Төрт бөлімнен тұратын қойылымға жыл мезгілдерінің табиғи үйлесімі арқау болып, халықтар достығын дәріптелді.
Ольга Хомова, «Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық капелласының» бас директоры:
Керемет! Бұл менің Астанадаға бірінші рет келуім. Қала ұнап жатыр. Бұған дейін Санкт-Петербургке келген қазақстандық әріптестерімізден көп естідім. Бүгін өз көзіммен көріп таңқалдым. Жалпы мұндағы музыкалық ұжымдардың деңгейі өте жоғары. Осы сапар аясында мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Болашақта қазақстандық музыкалық институттар, театрлармен бірлескен жобалардың ауқымы арта түседі деп ойлаймын.
Жалпы мұндай мәдени жобалар екі ел арасындағы шығармашылық байланысты тереңдетіп, тәжірибе алмасуға жол ашады. Ортақ бастамалар өнер мен мәдениет саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы