Басты Жаңалықтар Зиянды заттарға тәуелді 108 мыңнан аса адам есепте тұр

Зиянды заттарға тәуелді 108 мыңнан аса адам есепте тұр

Зиянды заттарға тәуелділік салдарынан психикасы мен мінез-құлқында ауытқуы бар 108 мыңнан астам адам есепте тұр. Оның 18 мыңға жуығы – есірткіге, ал 90 мыңнан астамы – ішімдікке әуес. Сондай-ақ, құмар ойын құрбанына айналған шамамен 450 мың адам бар. Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Нашақорлықтан емделгендердің 70-80 пайызы алғашқы жылы қайтадан есірткіге оралады. Сондықтан жиында оның алдын алу, ерте анықтау, емдеу, оңалту және қайта әлеуметтендіруді қамтитын бірыңғай көмек жүйесін қалыптастыру ұсынылды. Ал заңсыз ойын бизнесімен күрес бойынша 2 400 интернет-казино бұғатталған. Республика бойынша 47 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Бірақ мамандар орталық санын әлі де арттыру керек деп санайды. Жиын соңында елде наркологиялық қызметтің заманауи моделін қалыптастыру, емдеу хаттамаларын халықаралық стандарттарға сай дайындау қажеттілігі айтылды.

Айна Мысырәлімова, Мәжіліс депутаты:
Мәселе – емдеу жүйесінде. Біздің ғалымдар мен сарапшылар клиникалық хаттамалардың ескіргенін айтып отыр. Бізде емдеу көбіне стационарлық форматта жүргізіледі. Яғни дәрілік, медикаментоздық емдеу басым. Ал әлемдік тәжірибеде, мысалы АҚШ-та амбулаториялық емдеу мен реабилитация кеңінен дамыған. Бұл бағытта біз артта қалып отырмыз. Кадр тапшылығы да бар, шамамен 300 маман жетіспейді. Сондықтан ең алдымен кадр даярлау және клиникалық хаттамаларды жетілдіру қажет.


Бөлісу