2020 жылдан бастап жаңа жәрдемақы 340 мыңнан астам отбасыға тағайындалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
«Көпбалалы отбасыларға жеке мемлекеттік жәрдемақы енгізу көзделген. 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға, яғни 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар жанұяларға отбасының табысына қарамастан жәрдемақы төлеу көзделіп отыр. Біздің есебіміз бойынша, аталған жәрдемақыны жаңа жылдан 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы алатын болады», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Оның сөзіне қарағанда, отбасыдағы балалар санына байланысты 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде жаңа мемлекеттік жәрдемақы белгіленетін болады.
«Атаулы әлеуметтік көмекті реформалауға дайындық Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық шеңберінде үшінші кезеңде басталды. Осылайша, 2014-2017 жылдар аралығында елімізде кезең-кезеңімен «Өрлеу» пилоттық жобасы іске асырылды, нәтижесінде көмек алушылар үшін әлеуметтік келісімшарттар жүйесі, көмек алу шарттары, сондай-ақ табысы аз қамтылған отбасыларды сүйемелдеу практикасы енгізілді. Осы мақсаттарда бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлінді. АӘК бойынша реформаларды 2018 жылы жалғастыра отырып, біз АӘК тағайындау құқығын (кедейлік шегін) анықтау үшін табыс деңгейіне қойылатын өлшемдерді алғаш рет өзгерттік, ол ең төмен күнкөріс деңгейінің 40-тан 50 пайызға дейін көтерілді. Нәтижесінде, АӘК алушылар саны 20 есе артты. Биыл 27 ақпанда Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында АӘК тағайындау тетігі өзгертілді», деді министр.
Inform.kz