АҚШ президенті Дональд Трамп күтпеген жерден Ауғанстанға барып, америкалық сарбаздарды Ризашылық мерекесімен құттықтады. Ол «Талибан» қозғалысының әскери жанжалды доғаруға келісетініне сенім білдірді.
Ақ үй басшысы президент болғалы бұл мемлекетке алғаш рет барып отыр. Мұның алдында Кабул мен Вашингтон тұтқын алмасуға уағдаласып, бейбіт пәтуа жасауға деген үмітті қайта оятты.
Тәліптер болса, Катар астанасы Дохада Құрама Штаттармен арадағы келіссөздердің өткен апта соңында тағы да басталғанын растады.
Трамп Пентагон сарбаздарымен күркетауық етінен дәм татқаннан кейін ауған президенті Ашраф Ғанимен кездесті.
Ауғанстанда АҚШ-тың 13 мыңдай және НАТО-ның мыңдаған жауынгері қызмет етіп жатыр. Америка лидері биыл 19-шы жылға ұласқан соғысқа нүкте қойып, контингентті шығару қажеттігін мәлімдеп келеді.
Арыстан РЫСБЕК