Грузия полициясы шерушілерге газ бен су шашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грузия полициясы шерушілерге газ бен су шашты

19.11.2019

Грузия полициясы парламент жанына жиналған шерушілерді тарату үшін газ бен су шашты. Соңғы мәліметке қарағанда, 37 адам тұтқындалған. Тбилисиде сайлау туралы заңды реформалауды талап еткен митингтер мен демонстрациялар өткен аптаның соңында басталып, оған жексенбі күні 20 мыңдай адам қатысты.

Оппозицияны депутаттардың 2020 жылдың күзіне белгіленген сайлауды пропорционалдық жүйемен өткізу туралы заңды конституцияға енгізе алмауы себепші.

«Бірлескен ұлттық қозғалыс» және «Еуропалық Грузия» партияларының мәлімдеуінше, халық ескі тәртіппен дауыс беретін болса, Бидзина Иванишвили тәрізді ресейшіл олигархтар жеңіске жетуі мүмкін. Алайда, экс-премьер Иванишвили сайлау реформасын қолдайтынын айтып, бұл жайлы құжаттың парламенттен өте алмауына оппозицияның өзін кінәлап отыр.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу