Гонконгтің политехникалық универстетінде шерушілер мен полицейлер әлі қақтығысып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, оқу орны кампусында шамамен 200-дей адам қалды. Олар сыртқа шықса, тәртіп сақшыларының қолына түсіп, айып төлеуі мүмкін немесе 10 жылға сотталады. Бірақ қалашықта азық-түлік пен ауыз су таусылуға жақын.
Сейсенбіге қараған түні кампустан кәмелетке толмаған 200-дей оқушы мен студент шығарылды. Және де жасы 18-ден асқан 100-ге жуық адам ұсталып, камераларға қамалған.
Өткен аптада полицияның қудалауынан қашып, мыңға жуық қыз-жігіт университет ауласына жасырынды. Содан бері қауіпсіздік күштер кампусты қоршауда ұстап тұр.
Гонконгта билікке қарсы акциялар жарты жыл бұрын басталды. Қазір демонстранттар отаршылық дәуірде қалыптасқан саяси еркіндік пен әлеуметтік жүйеге коммунистік Қытайдың араласуын тоқтатуды талап етіп жатыр.
Арыстан РЫСБЕК