Африканың шығысында алапат су тасқынынан 1 миллионнан астам адам зардап шегіп отыр. Толассыз жауыннан қиындаған гуманитарлық жағдайды аймаққа жақындап қалған «Киарр» дауылы тіпті нашарлатуы мүмкін.
Әсіресе, Сомалидегі ахуал ауыр. Мұнда 270 мыңдай адам үйлерін тастап кетіп, егістік алқаптарын су шайып, мал қырылып, инфрақұрылымдар бұзылып, он шақты адам қаза тапты. Ал Кенияда бір айға созылған жаңбырдан 38 адам опат болса, Оңтүстік Суданның 27 округінде төтенше жағдай жарияланған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, бұл мемлекетте кейбір ауылдар тұтастай суға кетіп, түрлі аурулар тарап, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетудің өзі мұңға айналған.
Кейбір ғалымдар Африканы мұнша ауқымды тасқын жайлауын ғаламдық климаттың жылынуымен байланыстырып отыр.
Арыстан Рысбек