Алматыда тау етегіндегі алма бақты отағандар ұсталды. Айта кетейік, жуырда қала тұрғыны Дина Байғабылова ата-анасы 30 жыл баптаған ағаштарды белгісіз біреулер кесіп кеткендігін айтып, құқық қорғау органдарына шағымданған еді. Дегенмен, ол: «Тергеу жұмыстарына көңілім толмайды. Заң бұзушылар жазадан оңай құтылып кетуі мүмкін»,- деп отыр.
Дина Байғабылованың сөзінше, ұрылар қоршауды бұзып, 100-ге жуық ағашты тамырымен жұлып әкеткен. Соның салдарынан бақтың шамамен 80-90 шаршы метрі бүлінген. Ал ол аталған қылмыстық іске қатысты талай сұраққа жауап ала алмаған. «Тіпті, материалдық шығын көлемі толық есептелмеді»,-деп отыр.
Дина Байғабылова, жәбірленуші:
Бұл іске қатысты ешқандай ақпарат ала алмай отырмын. Кінәлі адам жазасын алса деймін. Көршілерім де ештеңе айтқысы келмейді. Неден қорқатынын білмеймін. Ағаштар кесілгенде басында бәрі шу шығарып, кейін үнсіз қалды.
Ұлттық экологиялық аудиторлық палатаның өкілдері табиғатқа келген шығын көлемін 70 миллион теңгеге бағалады. Бұдан бөлек, жаңбырдан соң сел жүру қаупі бар. «Өйткені кесілген ағаштар лайды ұстап тұра алмайды», - дейді мамандар.
Мирас Байсейітов, «Ұлттық экологиялық аудиторлық палата» ҚБ төрағасы:
24 мың текше метр аумақтың қара топырағы ұрланған. Қара базарда 1 текше топырақтың бағасы 3 мың теңге. Бұл – 70 миллион теңгеден аса материалдық шығын. Анық-қанығын арнайы органдар есептеуі тиіс.
Ал полицейлердің айтуынша, қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Біреудің меншігіне рұқсатсыз кіріп, сирек кездесетін алма ағаштарын балталап, қара топырақты саудалағандар жазадан сытылып кетпейді. Қылмыстық іс прокурорлардың да бақылауында тұр. Жер телімін экологиялық саябаққа айналдыруды армандаған бағбандар енді еріктілермен бірлесіп, кесілген ағаштардың орнына шыбықтар отырғызады.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ