Мемлекет басшысы Беларусь президенті А.Лукошенкомен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Беларусь президенті А.Лукошенкомен кездесті

25.10.2019

Қазақстан мен Беларусь арнайы ұзақ мерзімді жоспар жасау туралы келісті. Бұл қос елдің саудадан бөлек өндіріс саласындағы бірлестігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Белорусь президенті Александр Лукашенконың Нұр-Сұлтанға ресми сапары аясында тараптар бірнеше сала бойынша келісімге келді. Басымдық сауда-экономикалық байланысқа берілді. Ал бұрыннан қалыптасқан халықтар достығын бекіте түсу үшін алдағы жылдары екі елде мәдени шаралар өткізілетін болды.

Ақордадағы атмосфера бүгін ерекше. Қызыл кілем, сап түзеген офицерлер, оркестр. Бәрі ережеге сай. Беларусь басшысына қазақ Президенті бар құрметін көрсетті.

Еліміздің бас ғимаратында әнұранымыздың дәл бүгін, бұрынғы «республика күні» шырқалуында ерекше бір мән бар сияқты. 29 жыл бұрын тура қазанның 25-і «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданды. Сол кезеңді бірге өткеріп, бір одақ құрамында болған қос ел өткенінен өнеге алып, бүгінін бүтіндеп отыр.

Альбина Әшім, тілші:

Шығыс залы. Киіз үй үлгісіндегі бұл бөлме мәртебелі мейманға нағыз қазақы қонақжайлықты көрсетуге мүмкіндік береді. Қос ел басшысы шағын құрамдағы кездесуде дәл осы залда жабық есік күйінде маңызды мәселелерді талқылады. Келіссөздердің нәтижесі бізге кейінірек мәлім болды. Ал президенттердің екі тарап үшін де берекелі келісімге, ынтымақтастық жайлы ымыраға қалайша келгеніне осы бөлме куә.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – біздің мемлекеттер арасындағы іскерлік әріптестікке жаңа серпін беру үшін үлкен мүмкіндік. Экономика, гуманитарлық байланыстарымыз болсын, халықаралық ынтымақтастықта да осы келіссөздердің маңызы зор.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен бізге Ресеймен бірге интеграциялық үрдістердің дәл ортасында болу бұйырып тұр. Қазақстансыз кез келген бағыттағы біздің ынтымақтастығымыз мүмкін емес.

Президенттер серіктестікке жаңа серпін беріп, екі ел ғана емес, көпжақты ынтымақтастықты талқылап жатса, баспасөз мәслихаттарына арналған залда қызу дайындық жүріп жатты. Бұл құжаттарда қос ел байланысының болашағы жатыр. Сондықтан жауапты қызметкерлер қағаздарды қайта-қайта егжей-тегжейлі тексеріп әлек. Бейресмиден ресми әңгімеге оралайық. Нұр-Сұлтан мен Минск арасындағы барлық деңгейдегі байланыс бүгіндері қарқынды дамып келеді. Бұған дейінгі Назарбаев пен Лукашенконың достығы қос халықтың қарым-қатынасын одан әрі жақсартуға сеп болса, қазақтың жаңа басшысымен Белорусь президенті әріптестікті жаңа деңгейге көтермекші. Беларусь басшысы ТМД елдері арасында Қазақстан басты серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Беларусь тарапы қазақтың металы, астығы, мақтасы мен мұнайына қызығады. Әсіресе соңғысына баса мән беріліп отыр. Қазақтың қара алтынын Беларусь еліне тасымалдау мәселесі бүгінгі келіссөздердің өзегі болды.

 Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Сіздердің еліңізден шикізаттың бізге тасымалдануына мүдделіміз. Біз жақын арада Ресеймен кеңесеміз деп келістік. Өйткені қазақстандық мұнай бізге Ресей арқылы жеткізіле алады.

Бұл келісімнен Қазақстан да ұтады. Өйткені жылына 90 миллион тонна мұнай өндіретін еліміз үшін жаңа нарыққа жол ашылады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

90 миллион тонна мұнай өндіретін боламыз. Оның 17,5 ішкі нарыққа пайдаланатын болады. Басқасының бәрі экспортқа кетеді. Сондықтан қанша керек болса, соны қамтамасыз ете аламыз.

Қазақстанның Беларусьқа тауар тасымалы соңғы жылдары 45 пайызға артқан. Қос ел арасындағы сауда-саттық былтыр 800 миллион доллардан асты. Дегенмен әлеуеттері орасан зор екі мемлекет үшін де бұл көрсеткіштер айтарлықтай жетістік емес. Сондықтан ендігі басты мақсат — әрине алдымен сауда-экономикалық байланыстың керегесін кеңейту.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жақсы үрдіс. Бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте жалғасын табады деп мен үміттенемін. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс.

Жоғары деңгейдегі келісімдер кейін қос елдің үкіметтері арасында қағаз жүзінде бекітілді. Қазақстан мен Беларусь миграция, жылжымайтын мүлікті тіркеу, айти саласындағы әріптестікті нығайту сынды, жалпы алғанда 7 бағыт бойынша келісім жасады. Қазақ жеріндегі бұл кездесудің басты жемістерінің бірі: қос ел қарапайым алыс-берістен өндірістік кооперативтік байланысқа көшті. Екі ел ауылшаруашылығы және әскери техника шығару бойынша қосымша тағы 2-3 ортақ жоба жүзеге асырмақ. Сондай-ақ Қазақстанда құрастырылатын Беларусьтің астық және жем-шөп жинайтын комбайндарының өндірісі ұлғайтылады. Көп ұзамай Минск тракторын шығару қолға алынады. Беларусь басшысы қазақтар бұл келісімдерден тек ұтатынына сенім білдірді.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу