Абонент байланыс аясынан тыс жерде. Бүгін он мыңдаған қазақстандықтың нөмерлері бұғатталып, олар не қоңырау қабылдай алмай, не интернетке кіре алмай қалды. Сол мыңдаған адамның ішінде әріптесім Альбина Әшім де бар. Өз байланыс операторынан мән-жайды анықтау үшін таңғы 9-да орталыққа барған ол құр қайтпады. Бірден бейнематериал әзірлеп, байланыс операторы мен Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің де жауабын алып келді. Ендеше толығырақ Альбина Әшімнің өзінен білейік.
Альбина Әшім, тілші:
Республика көшесінің бойындағы Kcell оталығында таң атпай абыр-сабыр. Адам көп. Өйткені телефондары істемей, нөмерлері бұғатталып қалған. Менің өзіме де түнгі бірде хабарлама келді. «Нөміріңізді қайта тіркеңіз» делінген. Қазір мән-жайды анықтауға тырысып көреміз.
Көпшіліктің көкейіндегі сауалдар: бұған дейін тіркелген нөмір неге өшіп қалды және оператор неліктен алдын-ала ескертпеді?
Не деген масқара? Соншама халықты сандалтып? Бәріміз жұмыстан қалдық. Түннен бастап жұмыстан қалдық. Таксиде жұмыс істейміз. Тапсырыс жоқ, интернет жоқ.
Оператор жоқ, төрт-ақ адам. 40 минуттан отыр әр адам. Алдымызда екі жүз адам бар. Сонда 2 күн отырамыз ба? Осы жерден алынған телефон, осы жерде нөмір салынған да. Бәрі осыннан. Не жауап бармайды, барлығыөшіп жатыр.
Менеджерлер ағылған абоненттерге қызмет көрсетіп үлгермей әлек. Ал ұзын-сонар кезек пен тар ауадан тарыққан тұрғындар ашуын талон беріп жатқан қызметкерлерден алды.
Өмірі нөмірге байлаулы адамдардың жан айқайы бұл. Ал мән-жайды толық түсінбеген кей азаматтар мұны астыртын әрекетке де балап отыр.
Марат Сейітманов, қала тұрғыны:
Төбедегілер әдейі істеп жатыр. Адамдар жұмыстан қалуы үшін. Емізулі бала бар, қарт адамдар бар. «Тіркел, ЖСН жібер, «мыми» жібер»,- дейді... Далбасалап жатыр. Енді бәрін істесең, «4 сағат күт, смс-хат жібереміз»,-дейді.
Кейіпкеріміздің «мыми» дегені - «IMEI--код»-ты меңзегені. Байланыс операторы да мұндай проблема смартфонын тіркемеген азаматтарда ғана туындағанын айтып отыр. Тағы бір ескеретін жайт, бұған дейін ЖСН арқылы телефонды тіркеп, смартфоныңызды өзгертсеңіз, бұл операцияны тағы қайталау керек. Ол үшін орталыққа барудың қажеті жоқ.
Олжас Бибанов, Kcell баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазір абоненттер салондарға бармай-ақ қойса да болады. Сайтта да мәлімет бар. Абоненттерге орындауы тиіс қадамдар жазылған СМС-хабарламалар жіберілді. Соның арқасында құрылғыны тіркеуге болады.
IMEI-кодтар базасы түнде Қазақстанның 3 байланыс операторы үшін де іске қосылыпты. Алайда халық көбінесе Kcell-ге шағымданған. Байланыс операторы болса, 8 миллион 400 мың абоненттің тек 1 пайызы, яғни 84 мың нөмір ғана бұғатталғанын айтады. Ал дүйім елді дүрліктірген «IMEI -кодтар» үшін жауап беретін Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тіркелмегендер бұғатталатыны жыл басынан бері ескертіліп жатқанын алға тартты. Сондай-ақ бүгінгі абыр-сабырға азаматтардың өз атында сан мыңдаған нөмір тіркелгенін анықтағаны да себеп болған.
Виталий Ярошенко, ҚР Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің басшысы:
Бір әйел өз атына 51 мың нөмір тіркелгенін анықтады. Ол кеңсеге барып, операторға ол нөмерлерді бұғаттап тастау туралы өтініш жазады. Енді сол 51 мың нөмірді біреулер пайдаланды ғой? Сондай телефондар да бұғатталды. Дәл осы әйел сияқты анықтап жатқан адамдар көп. Біздің мәлімет бойынша шамамен 2 миллион азамат.
Жалпы, халқы 18 миллион Қазақстанда 30 миллион сим-карта қолданыста екен. Министрлік нөмірлер заңсыз саудаланатын нүктелер анықталып жатқанын мәлімдеді. Ал «IMEI-кодтары» тіркелмеген азаматтарға бұдан қашпауға кеңес берді. Өйткені алда-жалда смартфоныңыздан айрылып қалсаңыз, сол арқылы табуға болатынын тағы бір еске салды. Түстен кейін тіркелген абоненттердің телефонына жан кіре бастады. Өмірі нөмірге байланған адамдар күнделікті кейпіне қайта енді.
Альбина ӘШІМ