Рухани келісім күніне орай республикалық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рухани келісім күніне орай республикалық конференция өтті

16.10.2019

Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі. 18 қазан – рухани келісім күніне орай, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық конференция өтті. Сан алуан дін өкілдері бас қосқан жиында, қазіргідей алмағайып заманда өр¬ке¬ниеттер ара¬сын¬дағы бейбіт келісімді сақтау мәселелесі қаузалды.

Дінаралық татулық, ұлтаралық келісім. Бірлігі бекем, берекесі артқан Қазақ елі. Бұл баға жетпес байлық– Елбасының бастамасымен қалыптасып, егемен еліміздің басты жетістіктерінің біріне айналды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

«Бейбітшілік пен келісім – бұл біздің тәуелсіздігіміздің басты жеңісі» дегенді еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиі айтады. Бұл – жеңіс біздің халқымыздың көп жылдық жасампаз еңбегінің нәтижесі. Осы байлықты сыртқы қауіптен қорғауымыз керек. Сондықтан бізге идеология керек. Жалпыұлттық идеясы жоқ ел – территорияға, халық – тұрғынға айналады.

Әлемде 256 ұлт болса, соның 130-ы Қазақстанда бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. 3541 мешіт, шіркеу, ғибадатхана, 3720 діни бірлестік еш кедергісіз жұмыс істеуде.

Бақтияр Мәкен, Қала әкімінің орынбасары:

Қазақстан халқы өмір сүру дағдысымен, мәдениетімен, тілімен, рухани қажеттілігімен ерекшеленелді. Барлық қазақстандықтардың біртұтас ұлтқа біріктіретін негіз – Елбасының барлық ұлттар мен діндерге тең мүмкіндік беретін зайырлы мемлекет құру бағыты саналады.

Бейбітшілік пен келісім – ұлтымыз үшін ұлы ұғым. Осы қастерлі сөздерді жастардың бойына сіңіріп, барлық қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру – бүгінгі отырыстың әрі рухани келісім күнінің түпкі мақсаты.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу