Күрдтер мен Асад армиясы күш біріктірмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күрдтер мен Асад армиясы күш біріктірмек

14.10.2019

Сирия армиясы мен күрд отрядтары Түркияға қарсы бірлесіп соғыспақ. Сол үшін президент Башар Асад елдің солтүстігіне әскер жөнелтетінін жариялады. Күрдтер өздерін Америка тастап кеткесін үкімет күштерімен бірігіп жатыр. Анкара бұл жасақтарды Сирияның теріскейінен ығыстыру үшін өткен аптада ауқымды операция бастады. Ол науқанның өзге бір мақсаты – күрдтерден босатылған аймаққа Түркияға қашқан миллиондаған сириялық босқынды қайтару.

Түрік жауынгерлері мен жергілікті оппозиция күштері операция жүргізіп жатқан солтүстіктен Американың мың шақты сарбазы кететін болды. Пентагон мұндай шешімді өткен тәулікте қабылдады. 

Соңғы мәліметке қарағанда, Түркия араб респбуликасында 109 шаршы шақырым аумақты басып алған. Және де күрдтердің 440 содыры жойылды. Бұған қоса, 50 шақты бейбіт тұрғын мерт болып, 130 мыңдай адам үйлерін тастап кетті.

Тағы бір ақпаратқа жүгінсек, Айн-Исса қаласы маңындағы лагерьден «Даиш» қарулы тобымен байланысты 785 адам қашып кетті. Олардың көбі – әйелдер мен балалар.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу