Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылында батыр ұстаз тұрады. Жергілікті орта мектептің директоры Аян Исабаев жетімдер үйінен 5 бірдей баланы бауырына басып, өзі еңбек етіп отырған білім ошағын жабылудан сақтап қалған. Себебі кейінгі жылдары мұнда оқушы саны күрт азайып кеткен. Қазір Аянның бұл қадамын өзге де ауылдастары қолдап, бүгінде үш отбасы бала асырап алуға ниет танытып отыр. Ал осы өңірден шыққан кәсіпкер Нұрлан Қалтаев болса, сауапты іс жасап отырған жерлестерін баспанамен қамтамасыз етуді өз мойнына алған.
Аян Исабаевтың мектепке директор болып тағайындалғанына 2 жылға жуықтаған. Алғаш келгенінде 40 жылдық тарихы бар қара шаңырақ жабылудың аз-ақ алдында тұрыпты. Себебі бала саны 40-қа да толмапты. Білім ошағын сақтап қалудың жалғыз жолы оқушыларды көбейту еді. Сондықтан жетімдер үйінен бала асырап алуға шешім қабылдапты. Осылайша, Аян өзінің 4 баласына қоса, 5 бірдей бүлдіршінді бауырына басқан.
Аян Исабаев, Қоянды орта мектебінің директоры:
«Ауылым-алтын бесігім», - дейді ғой. Ауылдың білесіздер, жүрегі – мектеп. Мектеп болмаған жерде халық та отырмайды. Бұрын көш көп болса, қазіргі жағдайда көш тоқтап, керісінше, жас отбасылардың сырттан көшіп келуі басым. Ауылға қайтып жатыр. Бұл әрине, нұр үстіне нұр, отбасылар көбейіп, мектебіміз балаға толып жатса.
Аян балаларын мектептен тыс уақытта да еңбекке баулып, тәрбиелеп келеді. Бес ұлы — қолқанаты. Бау-бақшада әр баланың өз ағашы бар. Оларды балақайлар мәпелеп күтіп жүр.
Ал балалардың сабағын, оқу үлгерімін үйде отанасы Әлия Исабаева қадағалап отырады. «Алғашқыда бүлдіршіндер жатырқағанмен, қазір бір үйдің баласындай тату-тәтті», - дейді ол.
Әлия Исабаева, Қоянды ауылының тұрғыны:
Балалар енді қалыптасты. Қазір бүкіл мәдени іс-шараға қатысады, концертте тақпақ айтады. Ақнұр мысалы, өлең айтады. Әсет футболға жақын, Руслан ағылшын тіліне жақын, таяуда олимпиадаға барады.
Батыр ұстаздың бұл бастамасын қазір ауылдастары да қолдауда. Елді мекендегі үш отбасы бала асырап алуға ниетті. Ал оларды үймен қамтуды жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев өз мойнына алған. Қазір жаңа үш үйдің құрылысы аяқталып қалды.
Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:
Мына үйлер нақты сол кісілерге салынып жатыр. Бұл балаларды иманды қылып, еңбекқор қылып тәрбиелесек, Отанымызды сүйетін, патриоттық сезімдерін оятып, дұрыс азамат қылсақ, сол — біздің басты мақсатымыз.
Бірер жыл ішінде ауыл азаматтары 26 баланы асырап алмақ. Осындай игі бастаманың арқасында жуырда Қоянды ауылындағы білім ошағына ресми түрде «орта мектеп мәртебесі» берілді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ