Үкімет 2019 жылғы республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет 2019 жылғы республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын қабылдады

01.10.2019

Республикалық бюджет 95 миллиард теңгеге артады. Бүгін Үкімет отырысында осы жылға арналған бюджетті нақтылаған еліміздің Ұлттық экономика министрі осылай деді. Руслан Дәленовтың сөзінше, қазына кірістері салықтық және салықтық емес түсімдердің есебінен ұлғайтылмақ. Соның ішінде қосылған құн салығы, корпоративтік табыс және халықаралық саудаға салынатын салықтардың үлесі басым. Осылайша, министр республикалық бюджет түсімдерінің жалпы көлемі 95 миллиард теңгеге өсіп 10,7 триллион теңге болатынын айтты.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 миллиард теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджеттің шығыстар көлемі 12 триллион теңгеден асады. Осылайша, түсімдер 10,7 триллион теңгені, шығыстар 2 триллион теңгені, тапшылық 1,4 триллион теңгені құрайды.

Ал нақтыланған бюджет жобасын ұсынған Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов нақты міндеттерді айтты. Бірінші міндет – әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу. Бұл мақсатқа 84,8 миллиард теңге көзделген. Екінші міндет – экономиканың өсу қарқынын арттыруға бағытталатын қосымша қаржы көздерін қарастыру болса, үшіншісі – төртінші тоқсанда шұғыл міндеттерге арналған Үкіметтің қолайы резервін қамтамасыз ету.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу