Ханзада мұнай бағасының өсетінін ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ханзада мұнай бағасының өсетінін ескертті

30.09.2019

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман мұнай бағасының бұрын көрмеген деңгейге дейін шарықтап кететінін ескертті. Оның пікірінше, халықаралық нарықта бұндай жағдай әлем елдері Иранды тоқтатпаған жағдайда қалыптаспақ.

Тағы бір сөзінде ханзада Таяу Шығыс дүниежүзілік нарықтағы мұнайдың 30 пайызын, ғаламдық көмірсутегі саудасы дәліздерінің 20 пайызға жуығын және әлемдік жалпы ішкі өнімнің 4 пайыздайын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. 

«Елестетіп көріңіздер, мұның бәрі жоғалып кетсе, Саудия Арабиясы мен Таяу Шығыстың ғана емес, бүкіл ғалам экономикасы толық күйрейді», - дейді бин Салман.

Айта кетсек, осы айда Саудияның мұнай зауыттарына дрондармен, зымыранмен шабуыл жасалды. Алайда, Тегеран ол оқиғаға өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу