Түркия, Иран, Ресей президенттері Анкарада өткен саммитте Сирияның Идлиб провинциясындағы шиеленісті жеңілдетуге күш салуға келісті. Бірақ олар уағдаласа алмай отырған мәселелер бар. Мысалы, президент Владимир Путин мен оның ирандық әріптесі Хасан Рухани Араб Республикасының басшысы Башар Асадқа жақтас. Ал, Түркия АҚШ-пен, Еуропа одағымен, Араб елдерімен бірге түрлі оппозициялық топтарды қолдап отыр.
Идлибке оралсақ, ол – көтерілісшілер қолындағы соңғы провинция. Егер Асад әскері бұл территорияны алу операциясын жалғастыратын болса, тағы миллиондаған адам Түркияға, Еуропа одағына қашуы мүмкін. Сондықтан президент Реджеп Тайып Ердоған Сирияның солтүстігінде 3 миллиондай босқын шоғырланатын «қауіпсіз аймақ» құруды ұсынды. Путин мен Рухани бұл жоспарға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Дегенмен, Кремль басшысы пікірінше, бейбіт келісім жасалса, Сириядан шетел әскері түгел әкетілуі керек. Айта кетсек, бұл мемлекетте қазір Құрама Штаттардың мыңдаған жауынгері қызмет етіп жатыр.
Арыстан Рысбек