Тегеран өзіне тағылған кінәні жоққа шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегеран өзіне тағылған кінәні жоққа шығарды

16.09.2019

Ресми Тегеран Сауд Арабиясының мұнай зауыттарына Иран шабуыл жасады деген мәліметті жоққа шығарды. Және де осы елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Аббас Мұсави АҚШ таққан айыпты «максималдық жалған саясаттың» бір бөлігі деп атады. Тағы бір сөзінде ол президент Хасан Руханидің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының жақында басталатын сессиясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездеспейтінін атап өтті. 

Сенбінің кешінде Саудияның Aramco компаниясының Абкайк және Хураис қалаларындағы зауыттарына жасалған шабуылды Иранға арқа сүйеген йемендік шиит-хуситтер өз мойнына алды. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, кешендер дрондар мен қанатты зымырандардың соққысынан өртенген.

Шабуылдан корольдікте мұнай өндірісінің тәуліктік мөлшері 5,7 миллион баррельге қысқарды. Бұл – әлем елдеріне күніне экспортталатын шикізаттың жартысына және дүниежүзінде 24 сағатта өндірілетін мұнайдың 5 пайызына тең көрсеткіш. Алапат шабуылдан соң Лондон биржасында «Брент» маркалы көмірсутегінің бағасы бірден 19,5 пайызға өсіп, 72 долларға жақындады.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу