2008 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» деген кітабы жарық көрген, сонда «иә, үлкен саясат расында үлкен шахмет тақтасы» дегенбіз. Қызықты штрихқа толы очерктер жинағында Сингапур мен Қытай басшыларының дәлірек айтсақ, Ли Куан Ю мен Дэн Сяопиннің қарым-қатынасы да баяндалған.
Ли Куан Ю-дың Қытайға бірінші рет 1976 жылы барғанын, көргенінен шошығаны соншалық, «Сіздер қазір біздің бабаларымыздың жерін көрсеңіздер, үйге оралғанда сингапур топырағын сүйер едіңіздер», дегенін жазады.
Ал билікке Мао Цзедун өлгесін жеткен Дэн Сяопин Сингапурға 1978 жылдың қарашасында барады. Сол кезде Бейжіңдегі совет елшілігінде істейтін біздің президент былай жазады: ... Ли Куан Ю мен Дэн Сяопин келіссөздер кезінде дұрыс және болашаққа негізделген қорытындыға келген: күшті болып көрінгеніне қарамастан, совет империясы технологиялық даму жолынан қатты қалып қойған және реформалар жүргізілмейтіндіктен, басшыларының қасаң ойлауынан экономикасы ұзақ өмір сүре алмайды.
Президенттің бұл очеркінен үздіксіз келтіретін мысал көп.
Сингапур инвестиция құйған 5 млн тұрғыны бар қытайдың Сучжоу қаласының ішкі жалпы өнімі 10 жылда 55 млрд долларға жеткен. Ал 2003 жылы Тұңғыш президент Сингапурға барғанында Сингапур басшылары Қазақстанға инвестиция салуға бола ма?- деп Қытай басшыларынан сұрағандарын, «Бола ма емес, салу керек!» деген жауап алғандарын айтқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарынан келтіретін детальдар да аз емес.