Елордаға оңтүстік өңірден жеткізілген 15 тонна қарбыз күресінге тасталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордаға оңтүстік өңірден жеткізілген 15 тонна қарбыз күресінге тасталды

11.09.2019

Бірнеше тонна қарбыз күресінге тасталды. Елордаға оңтүстіктен жеткізілген 15 тонна қарбыздың өзегіне қауын шыбыны түскен екен. Мамандар тексеру барысында үлкен көлемдегі қауіпті өнімді анықтап, сатылуының жолын кесті.

Қазір қауын-қарбыздың толысып, нағыз піскен кезі. Сондықтан елордаға еліміздің оңтүстік өңірлерінен күн сайын тонналаған бақша өнімдері жеткізіледі. Алайда жылтырағанның бәрі алтын емес. Кей қарбыздарды ақ дастарханға емес, күресінге тастауға тура келіп тұр. Себебі Түркістан облысынан қауын шыбыны түскен өнім әкелінген. Пайдаға құныққан кәсіпкер осындай жеуге жарамсыз бірнеше тонна қарбызды базарға шығармақ болған. Абырой болғанда, өнім сөреге түспей тұрып анықталды.

Сымбат Қалиасқаров, Астана қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысының орынбасары:  

Аталған факт бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ісі қозғалып, өнім иесіне 35350 теңге айыппұл салынды. Сатып алу барысында қарбыздың сыртқы қабығына көңіл аудару қажет. Оны көзбен де байқауға болады.

Асима Нұрбайқызы, тілші:  

Қауын шыбынымен залалданған мұндай қарбызды бірден анықтауға болады. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай іші шіри бастайды. Ал сыртына қоңыр-қызыл сұйықтық бөлінеді екен. Мұндай қарбызды жеуге мүлде болмайды.

Сол себептен, ЭКО полигон аумағында тонна қарбыздың көзі жойылды.

Зиянкестің басқа да бақша өнімдеріне тез таралады. Әсіресе, қауын, асқабақ, қияр сияқты көкөністерді жиі зақымдайды. Жыл басынан бері осындай 200-ден аса факт тіркелген. Тауар иелеріне 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 70 пайызы өзіміздің, ал қалғаны импорттық өнімдер.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу