Арқалық қаласындағы апатты үйлердің қоршалмауына әкімдік пен мердігер арасындағы келіспеушілік себеп болып тұр
Арқалықтағы апатты үйлер әкімдік пен мердігердің келсіпеушілігінің кесірінен толық бұзылмай қалған. Бұған дейін жартылай қираған нысандар тұрғындарға қауіп төндіріп тұрғанын айтқан едік. Қала басшылары оны мердігердің жауапсыздығына сілтеген. Ал қарсы тарап әкімшілік тиісті қаржыны бөлмегендіктен жұмысымызды толық аяқтай алмадық деп отыр. Олар аймақтағы тілшімізге хабарласып, оқиғаның қалай өрбігені жайлы өз нұсқаларын баяндады.
Бұл Абай көшесіндегі 102-ші үй. Жартылай қираған нысандардың ішіндегі ең қауіптісі де - осы. Тұрғын үйлердің дәл алдында тұр. Тамыз айындағы сұхбатында әкімнің орынбасары бұл келеңсіздікке мердігер кінәлі деген еді. Тендерді ұтып алған кәсіпорын 18 апатты ғимаратты бұзуы тиіс болған. Ол міндетін толық орындамай, бекітілген нысандардың соңғы бесеуін жартылай қиратып, жұмысын тоқтатыпты.
Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
Оны сотқа бердік. Бірінші инстанция бойынша шешім шығып, мердігерді өз ісіне жауапсыз деп таныды. Енді облыстық соттың шешімін күтіп отырмыз. Сол шешім шықса, ақшаны қайтарсақ, күзде құлатып, адамдарға қауіп төндірмейтіндей жағдайға келтіру жоспарда бар.
Сергей Борсук — сол 18 нысанды бұзуды мойнына алған кәсіпкер. Тендерді ұтып, 145 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған соң, ол өз міндетін атқаруға кіріскен. Алайда әкімдік белгісіз себептермен бізге жұмыс істетпеуге тырысты дейді ол.
Сергей Борсук, мердігер:
Алғашқы күннен бізді нысаннан қуа бастады. Ешқандай негізсіз полиция жіберді. Полиция келгенімен, бізге қандай талап қоярын білмейді. Сондықтан бұл іске араласпады. Әкімдік көп ұзамай келісім шартты бұзу туралы шешім шығарды. Бірақ сот оны заңсыз деп тауып, келісім құжатын қалпына келтіруге міндеттеді.
Осыдан кейін жұмысын жалғастырған мердігер атқарылған іске төленуі тиіс қаржыны да сотқа жүгініп зорға алғанын айтады. Ал жұмысты соңына дейін жеткізуге қосымша келісім жасау қажет болыпты.
Сергей Борсук, мердігер:
Сарапшылар кейбір үйлердің ауқымы 3-4 есе аз көрсетілгенін анықтады. Соған сәйкес біз әкімшілікке қосымша қаржы бөлу немесе басқа мердігермен келісім шарт жасау туралы өтініш жаздық. Олар қаржы жоқ деп жауап берді. Алайда кейін анықтағанымыздай бұл мәселе бойынша олар ешқайда бюджеттік өтінім бермеген.
Мұнан соң мердігер соңғы нысандарды ресми құжатта көрсетілген ауқымы бойынша жартылай бұзып, жұмысын тоқтатқан. Осы уақытқа дейін келісім-шартта бекітілген 145 миллион теңге емес, 73 миллион теңге ғана алыпты. «Соның кесірінен қарызға белшеден баттым»,- дейді кәсіпкер. Ол үйлердің ауқымын азайтып көрсетіп, жалған құжат жасағаны үшін әкімдік қызметкерлерінің үстінен арыз түсіріпті. Қазір қос тарап сот шешімін күтіп отыр. Ал бұл дау-дамайдан бейхабар тұрғындар қиранды арасында үреймен күн кешуде.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы