Сайлауға 6 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауға 6 күн қалды

03.06.2019

Моно және шағын қалаларда әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытамыз. Бұл Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсаттарының бірі. Сайлауалды бағдарламада бұдан өзге де өңірлердің жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалатыны жазылған. Соның негізгі тармақтарын бүгін Республикалық қоғамдық штаб өкілдері Алматы облысының жұртына жеткізді. Текелі қаласына келген партия өкілдері өңірлерді дамыту тақырыбына ерекше тоқталды. Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестен алынатын корпоративті табыс салығын республикалық бюджеттен алып, өңірлерге беруді жоспарлап отыр. Ол мақсат жүзеге асса, аймақтардың әлеуметтік дамуы ілгері басады.  

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы:

Қасым-Жомарт Кемелұлы бағдараламасындағы негізгі басымдықтарының бірі - шағын қалаларда, моноқалаларда тұратын халықтың жағдайын арттыру, әлеуметтік стандартты ірі қалалардың деңгейіне жеткізу. Осы мәселені біздің кандидатымыз көтеріп отыр. Бұл не деген сөз, мектептердің сапасын күшейту деген сөз, медициналық қызметтің сапасының қолжетімділігін қамтамасыз ету деген сөз. 

Қазіргі күні халықтың жағдайы әртүрлі. Пайдалы қазбаға бай өңірлермен өзгесін теңестіру қиын-ақ. Бір аймақта жалақы жоғары болса, енді бірінде төмен. Осы олқылықты Қасым Жомарт Тоқаев түзеуге тырыспақ. Яғни жоспарға сай барлық халық қолайлы өмір сүру үшін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлейді.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшесі:

Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі зиялы тектен шыққан өте білімді парасатты азамат ретінде біздің елдің жеткен жетістігін байытып, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, халықтың еңсесін Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дәрежеге таныта білген болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы - Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсатқа жеткіземін деп тұрған біздің түлегіміз, біздің тұлғамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы зауыт жұмысшыларының көңілінен де шықты. Өйткені Мәулен Әшімбаев жаңа жұмыс орындары ашылып, жалақының көтерілетіні аталған құжатта жазылғанын айтты. Яғни бұл әлеуметтік мәселелердің рет-ретімен шешімі табалатынын көрсетсе керек. 

Батыстың жалған құндылықтарынан бас тартып, кез келген жолмен ақша табу әрекеттері - көпұлтты Қазақстан халқы үшін жат нәрсе. Сондықтан тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін Коммунистік партия социализм құру идеясын алға тартады. Семейлік сайлаушылармен кездескен Жамбыл Ахметбеков осыған ерекше тоқталды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:

Қазіргі кездегі капитализмнің бет пердесі мен социализм екеуінің арасындағы айырмашылғы туралы көп мәселелер көтерілді. Соның ішінде біздің бағдарламаға сәйкес социализм құру идеясы. Біз халыққа бұрылған қоғамдық формацияны қолдайтынымызды айта отырып, социализм бағыты қазіргі кезде xалыққа ең тиімді жүйе екенін ескертеміз.

Бізге мұнай, көмір, темір сияқты қазба байлықтарға сеніп отыра бермей, ауыл шаруашылығын да нықтап қолға алу керек. Өйткені соңғысы ешқашан сарқылмайды. Сондықтан оны қазірден бастап бір жолға қойып, әлеуетін толық пайдалана алсақ, болашаққа алаңдауға еш негіз қалмайды, - деді Төлеутай Рақымбеков Алматыдағы аграрлық ғылым өкілдерімен кездесу барысында.

Төлеутай Рақымбеков, ҚР Президенттігіне үміткер:

Оған бүкіл жағдай жасау керек. Ол тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу керек. Осы жағдайды жасасақ, ғалымның да қосатын үлесі жоғар болады, тиімді болады деп есептеймін. Ғалымды басқа бір жұмысқа пайдаланып, не болмаса оған жағдай жасамасақ, ол алтын күрекпен жер қазғанмен бірдей болады.

Алматыдағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты жердің беткі қабатын зерделеп, оның құнарлылығын арттыру технологиясын әзірлейді. Тіпті бұнда әлемде теңдесі жоқ бастамалар да бар. Соның арқасында қазір ауыл шаруашылығымызда өнімділік артып, саланың бойына қан жүгіре бастаған. Ал Төлеутай Рақымбеков осындай ғылыми мекемелерге қолдауды аямау керектігі жайында үнемі айтады.  

Абдолла Сапаров, Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ бас директоры:

Азық-түлік қауіпсіздігі болмаса, біздің қауіпсіздігіміз болмайды. Осы біздің істеп жатқан жұмыстардың барлығы азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып табылады. Сондықтан ол бағдарламасында халыққа, елге қажетті мәселелерді көтерген және осы пробмалардың шешу жолдарын анықтаған.

Төлеутай Рақымбековтың өңірге сапары ертең де жалғасады.

Рухани жаңғыру - ел дамуының кепілі. Президенттікке үміткер Дәния Еспаева өз бағдарламасында кәсіпкерлікті дамытумен қоса, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де мән беріп отыр. Осыған орай кандидаттың Қызылорда облыстық сайлауалды штабы «Қазақстан халқының рухани-мәдени саласын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға оқу орындарының оқытушылары, тарихшылар мен «Ақ жол» партиясының мүшелері қатысты. Рухани жаңғыру – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарынан құрылған маңызды құжат. Басқосуда мақаладағы әрбір бағыт талқыланып, оның қалай іске асырылып жатқаны айтылды. Әсіресе ұлттық болмыс пен ұлттық код, ұрпақ тәрбиесі жайы кеңінен сөз болды. «Рухани жаңғыру» ел дамуына тың серпін берді. Мәселен, латын әліпбиіне көшуге қадам жасалды. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы қолға алынды. Одан өзге де бағыттары нәтижелі жүзеге асып жатыр.

Қазыбек Иса, «Ақ жол» ДП төрағасының орынбасары:

«Ақ жол» партиясының қос қанаты болса, бір қанаты кәсіпкерлер болса, бір қанаты рухани салада жүрген қауым екенін білесіздер. Ұлтымыздың ұлттық құндылықтары қорғалатын дүние – «Рухани жаңғыру» бастамасы. Мұнда мемлекеттік тіліміздің дамуы,  латын әліпбиінің дамуы, кешегі Ұлы даланың жеті қыры қосылды оған. Осындай қасиетті өлкелеріміздің, сондай-ақ жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мақсатында өткізіп отырмыз жиынымызды. Дәния Еспаеваның бағарламасында мәдени салаға да көп орындар берілген.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түсіп отырған Әміржан Қосановтың Ақтөбе облысындағы сенімді өкілдері белсенді. Тіпті демалыс күндері де жұмыс істеп, штабқа бас сұққандарды қабылдауда. Мұнда үміткердің еңбек жолынан бастап, тұтас өмірбаянымен танысуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ штаб мүшелері келушілерге сайлауалды бағдарлама жайлы жан-жақты ақпаратты да  ұсынады. 

Амантай Тәжікенов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Демалысқа қарамай, жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ аудан орталықтары мен ауылдарда да штабтарымыз бар. Олар да жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, бақылаушыларды оқытып жатырмыз. Жұмыс жүріп жатыр.

Әдетте штабтағы жиындарда саяси құжаттың бірнеше бағыты сөз болғанымен, жергілікті тұрғындар өңірді дамыту және еңбек адамының мәртебесі сияқты мәселелерге ерекше назар аударады. Өзекті әлеуметтік сұрақтар да талқыланады. Сондай-ақ, мұндағы сенімді өкілдер саяси науқанға қатысты өзге де сұрақтарға жауап береді. 

Айтқали Италиев, облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі:

Соңғы бір жеті қалды. Соған байланысты қысқаша жұмыстарымызды айтып кетуге болады. Қазіргі таңда сайлау учаскелерінің бақылаушылары толық қамтылды. Кешеден бастап Әміржан Қосановтың сенімді өкілдері аудандарға шықты.

Саяси науқанның аяқталуына аз уақыт қалды. Әміржан Қосановтың Ақтөбе облысындағы штабы жиындарды штаб ғимаратында өткізумен шектелмей, үгіттеу жұмыстарының аясын кеңейтуді қолға алды. Сайлауалды шаралардың аясында елді мекендерге бару да жоспарда бар.

Бірнеше жүз мың адам еңбек етсе де, еліміздегі ауыл шаруашлығы саласында кәсіподақ ұйымының жұмысы әлі дұрыс жолға қойылмай отыр. Жалпы кәсіподаққа мүше жұмысшылардың 7-ақ процентін құрайды. Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері Семейдегі ірі агрокешен жұмысшылармен кездесіп, кәсіподақтың атқаратын қыземтімен таныстырды. Ал президенттікке үміткердің тұғырнамасының ең негізі - еңбек адамының құқын қорғау.

Темірбек Қасымжанов, ШҚ аймақтақтық кәсіподақтар ұйымының төрағасы:

Біздің үміткердің де басты мақсаты - еңбек адамы, оның әлеуметтік жағдайы. Соны шешу үшін өзінің үлкен бағдарламасын жасады. Біздің облыста да штаб құрылып, біздің үміткерді қолдап, үгіт –насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз.

Білімді ұрпақ - ұлт болашағы. Сондықтан ұстаздарға еңбегіне сай лайықты жалақы төлейтін уақыт жетті. Білім саласы мамандарымен кездесуде салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері осы мәселені көтерді. Ал ұстаздар қауымы жаңадан қабылданатын мұғалімдер мәртебесі туралы заңнан үлкен үміт күтіп олтыр.

Совет Ыбраев, салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы:

Мәселе еңбекақы көтеру жағынан. Жұмысшылардың жағдайын көтеру және еңбек қорғау жағынан. Білім саласын алсақ, ондай проблемалар бар. Көп туатыны - мұғалімдердің жалақы мәселесі. Қазіргі кезде педагогтың мәртебесі туралы заң қаралып жатыр. Алғашқы шыққан жобасында өте жақсы мәселелер болған.

Семей өңірінде бүгінде тек білім саласы бойынша кәсіподақтың 400-ден астам салалық ұйымы жұмыс істейді. Оған 25 мыңға жуық маман мүше. Аманкелді Таспиховтың аймақтағы сенімді өкілдері осы кәсіподақ құрылған мекемелерде кездесулер өткізіп, үміткердің тұғырнамасын таныстырып жүр.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу