«Сайлау — міндет емес, үлкен мереке». Осылай жүрекжарды лебіздерін білдірген Еуропадағы қазақстандықтар да саяси науқанға белсенді қатысып жатыр. Еуропаның төрі, Бельгияның астанасы Брюссельдегі 241-сайлау учаскесінен тілшіміз Нұрсұлу Қасым бізбен байланысқа шықты.
- Нұрсұлу, сізді тыңдап тұрмыз. Сайлау қалай өтіп жатыр?
- Кеш жарық, Мейіржан! Армысыздар, қымбатты көрермендер! Бізде сайлау қызу өтіп жатыр. Құдды қазақтың тойы болып жатқандай. Дауыс беруге таңертең келгендердің өзі сайлау учаскесінен әлі кеткілері жоқ. Себебі, Бельгиядағы Қазақстан елшілігі сайлаушыларды құшақ жая қарсы алып, қандастарымызға арнап кең дастархан жайған. Елді сағынған жерлестеріміз қазы-қарта мен бауырсақтан дәм татып мәре-сәре. Жұмыс бабымен осы жаққа уақытша қоныс аударған шешен, күрд, ингуш ұлтының өкілдері де Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен тұрақтылық үшін өз таңдауларын жасағандарын айтады. Осы Бельгиядағы қазақстандықтардың басын біріктіріп отырған «Шаңырақ» деген ұйым бар. Ұйымның төрайымы Ақмарал Әмірқұлова қазір бізбен бірге.
- Ақмарал, сіздің Бельгияда тұрғаныңызға 20 жылдай болды. Осы уақыт аралығында Президенттік сайлауға қанша рет қатыстыңыз?
Ақмарал Әмірқұлова, Бельгиядағы қазақтардың «Шаңырақ» ұйымының төрайымы:
- Мен Президенттік сайлауға осымен үшінші рет шетелден дауыс беріп тұрмын. «Туған елдің қадірін шетке шыққанда білерсің» дейді ғой. Сол рас. Бөтен елде жүрсек те Қазақстанымызда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, жетістігіне қуанып отырамыз. Еуропада Қазақстанды бай, дамыған мемлекет ретінде бәрі біледі. Біз өз елімізді мақтан тұтамыз.
- Рахмет, Ақмарал! Тағы да айта кетейін Бельгияда Президенттік сайлауға қатысуға 200-ге жуық адам ниет білдіріп, тіркелген. Олардың басым бөлігі дауыс берді. Біздің уақыт сіздерден 4 сағат артта екенін ескерсек, қалған отандастарымыз да сайлау учаскесінің жабылуына дейін өзінің конституциялық құқын пайдаланып, таңдауын жасап үлгереді деген сенімдеміз. Мейіржан, мендегі ақпарат әзірге осы.