1 миллион 130 мың 792 электораты бар Алатау баурайындағы Алматыда да сайлау аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 миллион 130 мың 792 электораты бар Алатау баурайындағы Алматыда да сайлау аяқталды

09.06.2019

Барлық сайлау комиссиясын қосқанда, шахарға 80 халықаралық байқаушы ат шалдырды. Оған 100-ден аса отандық және әр кандидаттың сенімді өкілдерін қосыңыз. Ал, сайлау бөлімшелері тұрақты әрі тасымалданатын сайлау жәшіктері және қажетті ақпараттық материалдармен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да дауыс берулері үшін қолайлы жағдай жасалды. Саяси ауқымды шараның алып шаһарда қалай өткенін қазір әріптесімізден білеміз. Бізбен тікелей байланыста Алмат Әбдіраман.

- Алмат, қайырлы кеш, саясатқа самарқау қарамайтын Алматыда сайлау процесі қалай өтті?

Алмат Әбдіраман, тілші:

- Рақмет, Мейіржан!

Алматыда бүгін 563 сайлау уческесі жұмыс істеді. Онда тіркелген барлық сайлаушы түгел атсалысты дейді учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері. Тіпті, ауруханада жатқан науқастар мен үйден шыға алмайтын зейнеткерлер жылжымалы пунктер арқылы дауыс берген. Біз бас сұққан учаскелердегі электораттың ешқайсысы сайлаудан шет қалмаған. Әсіресе, жастар жағы белсенді болды. Оған қоса, бүгін жексенбі екендігіне қарамастан, мегаполистегі саудасы қызатын бес ірі базар жабық болды. Себебі, бизнесмендер ел үшін маңызды кезеңде бір кісідей атсалысып, дауыс беруді қалаған. Біраз сарапшы алматылықтардың кемінде 80-90%-ы сайлауға келіп, кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс берулері тиіс деп болжам жасаған. Азаннан қара кешке дейін сайлау учаскелерінде жүргін біз де бұған куәміз.

Маңызды саяси шара межелі уақытына жетті. Енді дауыс беру тоқтады. Сайлау учаскелері жабылып, бюллетеньдерді санауға көшеді. Біз де барынша әр сәтті тиімді пайдаланып, жіті қадағалап отырмыз. Алматылықтар бүгінгі сайлауға айрықша белсенділік танытып, таң атқаннан кеш батқанға дейін тоқтаусыз учаскелерге ағылды. Бұған бірнеше тікелей эфирге шығып, жасаған сюжеттерімізде айтып, көрсеткеніміз дәлел болмақ. Оған қоса, сайлау барысына қатысты шетелдік байқаушылар да оң бағасын беріп жатыр. Мейіржан, әзірге қолымда бар мәлімет — осы.

Хабарламаларға жазылу