Шымкент, Ақмола жұртшылығы сайлауда белсенділік танытып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент, Ақмола жұртшылығы сайлауда белсенділік танытып жатыр

09.06.2019

Еліміздің саяси тұрғыда кемелдене түсуіне жол ашқан бұл жолғы сайлауда Шымкент қаласының жұртшылығы да ерекше белсенділік танытып отыр. Олар қазақ елiнiң көшiн өрге сүйреп, көп ұлтты халқымыздың арман-мүддесiне қызмет ететiн ел басшысын жаңылыспай таңдауды мақсат етеді. Өңірдегі сайлау учаскелерінде дауыс берудің барысын әңгімелеп беру үшін меншікті тілшіміз Ғани Қалмаханов қазір бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұр.

- Рақмет, Гүлназ. Саясат сахнасындағы ең үлкен бәсеке саналатын бүгінгі Президент сайлауында Шымкент қаласы жұртшылығының белсендігі айырықша жоғары болып тұр. Өйткені, бір миллионнан астам халқы бар мегаполистің тұрғындары қай кезде де елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге самарқау қараған емес.

Бүгінгі саяси шарада жастардың да белсенділігі жоғары. Таңмен таласа тұрып, құрбыларымен сайлау учаскесіне келген Жасурбек Жұматов бүгін алғаш рет сайлауда дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік Университетінде білім алып жатқан ол сайлауда дауыс беру арқылы «өз болашағым мен еліміздің кемел келешегінің бағдарын айқындадым» дейді. Енді Жасурбектің ой пікірін өз аузынан естіп білсек.

Жасурбек Жұматов, сайлаушы:

Мен бірінші рет сайлауға қатысып тұрмын. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін. Қазақстан қазіргі таңда экономикасы қарқынды дамыған, саяси мемлекет болғандықтан және де жастар бізді жақсы қолдағандықтан мен өз болашағыма нық сеніммен өз дауысымды бердім.

Шаһарда жасақталған 260 сайлау учаскесінде таңертеңнен басталған қарбалас шақ бір сәтке де саябырсыған жоқ. Сайлаушылар мемлекеттің бола­шақ тағдырына тікелей әсер ететін жауапты шешім қабылдауға ынталы. Бұл жолғы сайлауда Шымкент қаласы бойынша 569 мың азамат дауыс беру құқына ие болып отыр. Әзірге сайлау учаскелерінде дауыс беру тәртібініе қатысты қандай бір заң бұзушылықтар туралы деректер тіркелген жоқ.

Саяси науқан кезіндегі белсенділік – халықтың қоғамдық құрылымға деген сенімінің белгісі. Мұны шымкенттік сайлаушылардың дәл қазіргі ынта-ықыласынан анық аңғаруға болады. Әзірге менің айтарым - осы. Енді сөз кезегін Ақмола облысындағы әріптесім, Ермек Елбергенге ұсынамын.

Ермек Елберген, тілші:

- Рахмет, Ғани. Қайырлы күн, ұлттық арнаның көрермендері! Ақмола облысында да сайлау қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытқа дейін облыс бойынша сайлаушылардың шамамен 70%-ға жуығы өз таңдауын жасады. Жалпы Ақмола облысында 724 сайлау учаскесі бар. Қазір біз Көкшетау қаласында орналасқан сайлау учаскелерінің бірінде тұрмыз. Осы жерде біртіндеп сайлаушылар келіп өздерінің таңдауын жасауда. Қазір біз осы сайлау учаскесінің төрайымы Үгіл Алпысқызынан осы жердегі жағдайды білейік.

Үгіл Шәкен, № 19 сайлау учаскесінің төрайымы:

Осы Көкшетау Мәдениет сарайында 3 мыңға жақын сайлаушылар жазылған. Бұл біздің учаскеде бірінші рет дауыс берген жастардың да саны көп болды. Содан кейін біздің тіпті 95 жасқа келген кісілер де болды өз еркін білдіруге тілек білдірді.

Ермек Елберген, тілші:

Жақсы рахмет. Жалпы жақсы дейсіз ғой?! Ақмола облысында сайлау барысын заң шеңберінде өтуін халықаралық және де жергілікті қоғамдық ұйымдардан байқаушылар қадағалауда. Әзірге бізде бар ақпарат осы. Алдағы уақытта да Ақмола облысындағы сайлау барысы туралы мәліметтерді жеткізуге әзірміз. Осы уақытқа дейінгі ақпарат - осы. Сондықтанда сөз кезегін Гүлназ өзіңізге ұсынамыз.

 

Хабарламаларға жазылу