Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Германия 30-дан астам құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Германия 30-дан астам құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Германия құны 2 млрд доллар болатын 30-дан астам құжатқа қол қойды. Мемлекет басшысы Германияға сапары барысында Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Мазмұнды келіссөздер болып, аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Шерхан Жамбылұлы сабақтайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бранденбург қақпасы. Талай тағдырлы кезеңнің куәгері. Кезінде екіге бөлінген Германияның дәл шекарасында тұрған бұл қақпа кейін ел бірлігінің символына айналды. Бүгінде Германия – Қазақстан үшін Еуропаға жол ашар негізгі қақпа. Өйткені бұл ел кәрі құрлықтағы ең ірі экономика. Ресми Астана мен Берлин әріптестіктің әлеуетін артырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға мүдделі.

Президенттің Берлиндегі жұмыс кестесі өте тығыз болды. Жоспарланған іс-шаралардың саны да салмағы да ауқымды. Әрине ең маңызды мәселелер Қазақстан Президенті мен Германия канцлерінің кездесуінде талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц екеуара әңгімелесуден соң баспасөз алаңына шығып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Брифинг барысында журналистер Украинадағы қақтығыс туралы сұрақ қойды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше қазіргі жағдайда саяси және дипломатиялық диалогты жалғастыру маңызды. Қазақстан мен Ресей арасындағы әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны да еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуелі бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша жалпы құны 2 миллиард долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Ендігі міндет келісімдерді нақты іске асыру деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Канцлері Фридрих Мерцті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін.

Энергетика. Екі ел байланысының негізгі бағыттарының бірі. Германия экономикасы үшін қазақ мұнайы аса маңызды. Былтыр  бұл ел бізден 10 миллион тонна қара алтын сатып алған. Берлин бұл импортты одан әрі арттыруға ниетті.

Фридрих Мерц, Германия Федеративтік Республикасының федералдық Канцлері:

Біз шағын және орта бизнес өкілдерінің Қазақстанда жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жолдарды қарастырып жатырмыз. Бұл бағыт екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ мұнайды жеткізу бағыттарын талқылағымыз келеді. Қазір біз Ресейден мұнай сатып алмаймыз. Біз шикізат көздерін әртараптандыруға ұмтылып отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өңірде маңызды рөл атқарады.

Канцлермен кездесу алдында Мемлекет басшысы Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен бірге екі елдің бизнес форумына қатысты. Президент өнеркәсіп кооперациясын серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі деп атады. Қазір ортақ портфельде құны 54 миллиард доллардан асатын 40 инвестициялық жоба бар. Оның 21-і жүзеге асқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жекелеген табысты жобалармен шектелмей, өнеркәсіп саласындағы жүйелі серіктестікке көшкеніміз жөн. Еліміз осы мақсатта Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын қолға алуға әзір. Оның негізінде үздік жобалардың бірыңғай тізімі жасақталады.

Ынтымақтастықтың тағы бір өзегі сирек металдар. Қазақстанда Еуропалық одақ аса маңызды деп таныған 34 минералдың 21 түрі бар. Астана Берлинге шикізат сатумен шектелмей, оны Қазақстанда өңдеп, дайын өнім шығаруды ұсынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс.

Тараптар энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы байланысты да кеңейтпек. Қазақстан неміс компанияларын жаңа деректер орталықтарын құруға және өндірісте жасанды интеллектіні қолдануға шақырды. Германия тарапы да экономикалық әріптестікті тереңдетуге мүмкіндік барын атап өтті.

Франк-Вальтер Штаймайер, Германия Федеративтік Республикасының Президенті:

Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан.

Форумда нақты өндірістік жобалар да сөз болды. Қазақстанда соңғы бес жылда CLAAS компаниясының 2100-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы шығарылған. Енді Қазақстанда өндірілген теміржол дөңгелектерін Германия нарығына жеткізу жөнінде уағдаластық жасалды.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Германияның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларымен кездесті. Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен жұмыс істейді. Германияда екі мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Қазақстанда шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі бар. Германиямен бірлескен білім және ғылым орталықтары Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматыда ашылған. Президент енді қос дипломды бағдарламаларды көбейтіп, студенттер мен зерттеушілерге арналған арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстанда Германияның әйгілі ғылыми орталығын ашу туралы келіссөз жасалды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Иә жасанды интеллект, жасыл энергетика мен маман даярлау серіктестіктің маңызды бағыттары болмақ.
Бұдан бөлек қос ел шикізатты терең өңдеу, жаңа өндіріс ашу және технология алмасу сынды бағыттарда тығыз байданыс орнатуға уағдаласты. Жалпы елдер арасындағы алыс-беріс қарқынды. Былтыр сауда саттық 13 пайызға өсіп, 4,5 миллиард долларға жетті. Соңғы 20 жылда Германия компаниялары Қазақстанға 8 миллиард доллар инвестиция салған. Берлинде бекіген құжаттар стратегиялық серіктестікке серпін беруі қажет. Ал Президент сапары әлі де жалғасады. Мемлекет басшысы бүгін Германияның бай-қуатты өңірлерінің бірі Бавария басшылығымен кездесіп, Мюнхен қаласында технологиялық бизнес форумға қатысады.


Бөлісу

Сондай-ақ оқыңыз

Барлығы