Атыраудағы сайлау учаскесіне 101 жастағы әжей келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы сайлау учаскесіне 101 жастағы әжей келді

09.06.2019

Атырауда101 жастағы әжей өз аяғымен сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Ғасыр жасаған Балзиба Мажитова үшін саяси науқанның маңызы зор. Қилы жылдардың куәгері, өз таңдауын бейбіт болашаққа бағыттап, жиналғандарға батасын берді.

Жалпы, бүгінде аймақ бойынша 409 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Толығырақ өңірдегі тілшіміз Жандос Темірғали тарқатады.

Ғасырды еңсерген кеуана таңертемен дайындалып, сайлау учаскесіне асықты. Ең алғаш таңдауын Тайпақ ауданында 1937 жылы жасаған. Ол кезде Балзиба әжейдің күйеуі сайлау бюлетендеріне жауапты адам болыпты. 8 баланы өмірге әкелген ақсамайлы ана ұрпақтарын ертіп бүгінгі саяси науқанға да белсенді қатысты.

Балзиба әжей сайлауды қазақстандықтар үшін мереке деп біледі. Оның пікірінше, әр жасалған таңдау өзінше маңызды, оған барлық жұртшылық атсалысу керек.

Балзиба Мәжитова еңбек ардагері, ғасыр жасаған ана:

- 1937 жылы Тайпақ ауданы, Қарасу учаскесінде дауыс бердім. Содан бері дауыс беріп келе жатырмын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Бүгінде өңірдегі сайлаушылар белсенді дауыс беріп жатыр.

Өмірбай Нағашыбай, тұрғын:

- Әрбір Қазақстан елінің азаматы қатысып, өзінің азаматтық позициясын көрсетуі керек. Келіп өзінің қалаған кандидатына дауыс беру - ол парыз.

Жалпы, тұрғындар үшін 262 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Солардың бірі - №39 сайлау бөлімшесі. Мұнда тіркелген халықтың 60 пайызға жуығы өз таңдауын жасады.

Бауыржан Қартан, №39 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы:

Халықаралық конвенцияға байланысты, зағип, мүгедек жандарға барлық жағдайды жасаған болатынбыз.

Айғали Аққалиев, бақылаушы:

- Ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Сайлау комиссияларының төрағалары, хатшылары барлығы өз орнымен жұмыс жасауда.

Сайлау – ел тұтастығының берік болуына бағытталған жауапты қадам. Бұған атыраулықтар да бейжай қарамай белсенділік танытуда.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу