Президент сайлауының  тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауының  тарихы

09.06.2019

Бүгін өтіп жатқан сайлау - Қазақстан тарихындағы 6-шы бүкілхалықтық сайлау. Соның ішінде кезектен тыс өткен 4-ші сайлау. Тарихқа шегініс жасап көрсек, Қазақстан халқы егемен еліміздің Президентін осыған дейін 5 мәрте сайлапты. Оның үшеуі белгіленген мерзімінен бұрын өткен.

Ел тарихындағы ең алғашқы сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өтті. Бұл сайлау баламасыз сайлау болды. Қазақстандықтардың 98,78% Нұрсұлтан Назарбаевке дауыс берді. Екінші сайлау 1999 жылдың 10 қаңтарында кезектен тыс өтті. Бұл – Қазақстандағы алғашқы баламалы президенттік сайлау болды, оған 4 үміткер қатысты. 2005 жылдың 4 желтоқсанында өткен сайлау ел тарихындағы үшінші сайлау болды. Заңда белгіленген өз уақытымен өтті. Сайлау алғаш рет кандидаттардың көптігімен ерекшеленді. Президенттіктен 18 адам дәмелі болғанымен, олардың 5-уі ғана тіркеуден өтті.

Ал, төртінші сайлау тағы да мерзімінен бұрын, яғни 2011 жылдың 3 сәуірінде өткізілді. Бұл жолы 22 кандидат ұсынылды. Оның дені, яғни 18-і – өзін-өзі ұсынғандар болды. Соңында тек 4-уі қалды. Одан кейінгі сайлау 2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленді. Тағы да кезектен тыс. Бұл жолғы сайлау – халықтың рекордтық қатысуымен есте қалды. Электораттың 97,75 пайызы дауыс берген.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу