Мұнда бүгін кешке дейін 1 миллион 130 мың 792 тұрғын мен арнайы тіркелген қала қонақтары дауыс беріп, өз таңдауларын жасайды. Алып шаһардағы сайлау тынысы туралы тілші Нұрлан Асқарұлы.
Мегаполисте миллионнан аса сайлаушы болса, солардың дені — жастар. Ел болашағына бей-жай қарамайтын олар белсенділік танытып жатыр. Ал, 554 учаскелік сайлау орынында әзірге ешқандай заң бұзушылық тіркелмеді.
Айқын Төлепберге, әнші:
Жылдан-жылға біздің сайлауымыз әділеттілік мөлшері өсіп келе жатыр. Сондықтан, сайлауға бару керек деп ойлаймын және жастарды соған үйрету керек деп ойлаймын.
Қаладағы учаскелер тұрақты әрі тасымалданатын сайлау жәшіктері және қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Жүруі қиын егде жастағы қарт кісілер телефонмен шақырту арқылы дауыс бере алады. Сондықтан, сайлаудан ешкім тыс қалмайды.
Шөмішбай Сариев, ақын:
Бүгін ертерек келіп тұрмыз. Бұл Президенттік сайлау деген ұлы жауапкершілік, үлкен жауапкершілік.
Мұрат Жұрынов, ҚР ұлттық ғылым академиясының Президенті:
Біздің елдің сайлауға өз көзқарасы бар азаматтарымыздың. Бәрі қатысып жатыр. Өйткені, Қазақстанның болашақтағы тағдыры ол бәрімізге қымбат. Сондықтан, мен бүгін өз таңдауымды жасадым. Өзім жақсы білетін адамға дауысымды бердім. Енді күтеміз нәтижесін.
Қаладағы дауыс берудің ашықтығын бақылау үшін 85 халықаралық байқаушы келген. Оған қоса, үкіметтік емес ұйымдар да сайлауға байқаушы ретінде қатысып, үлес қосып жатыр. Сондықтан, бұл сайлау — елдің әр азаматына қоғамдағы саяси жағдайды ашық талқылап, әлеуметтік мәселелерге үн қосуына мүмкіндік берді,- дейді электораттың көбісі.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ