Қарағанды облысындағы Спасск оқу жаттығу алаңында «Алтын Үкі — 2019» халықаралық жарысы өтіп жатыр. Ол жерде 5 елден жиналған 9 команда 12 түрлі сынақтан өтеді. Осымен сегізінші рет өтіп жатқан жарыста биыл түрлі әскери бөлімнің барлаушылары бақтарын сынап жатыр.
Жарыстың алғашқы күні барлаушылар барлық жағынан сыналды. Кедергілер арқылы 2 шақырым жерді жүгіріп өтіп, қарудың бірнеше түрімен нысана көздеді. Шетелдік қатысушылар үшін Снайперлік мылтықпен ату қиын болған.
Александр Котовский, Ресей Федерациясы командасының өкілі:
Қазақстан Республикасының көп жері таулы дала. Әсіресе жаз мезгілінде қатты ыстық. Біздің жігіттер үшін мұндай ауа райының өзі сынақ болып отыр. Мергендер үшін өзге аймақта ауаның температурасын, ылғалдылығын, желдің бағытын, қашықтығын есептеу оңайға соқпайтыны анық.
Дмитрий Осипук, Беларусь Республикасы командасының өкілі:
Бірінші турдағы сынақ өте ауыр болды. Онсыз да қиын жаттығуларға ыстық ауа райын қосыңыз. Әр сарбаздың шыдамдылығы мен төзімділігі, логикалық ойлауы мен әр қадамын жоспарлау дағдысы шыңдалды деп ойлаймын.
Жарыстың бірінші күнін барлық қатысушылар ойдағыдай өткізді. Қарсыластарының қауқарын бағамдап, келер кезеңдерге жоспар құрды.
Рахат Қарсембаев, «Алтын Үкі - 2019» жарысының жетекшісі:
Біз жыл сайын жарыстағы сынақтарды өзгертіп тұрамыз. Бұл түрлі бөлімдердің бір бірімен тәжірибе алмасуына таптырмас мүмкіндік. Сарбаздарымыз қарсыластарынан асып түсеміз деп шыңдалып жатыр. Алтын үкінің ауқымы да жыл сайын өсіп келеді.
Қазақстандық әскерилер әріптестерін қару арсеналдарымен де таныстырды. Түрлі жағдайда қолданылатын құрылғылары, қауіпті тапсырмаларды орындайтын роботтардың мүмкіндігі біразының таңдайын қақтырды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бұл жерде Қазақстан қарулы күштерінде пайдаланылатын қарудың біраз түрі қойылған. Жарыс барлаушылардікі болғандықтан, әсіресе, мына «Глок» тапаншасына ерекше назар аударылды. Себебі бұл барлаушылар үшін өте ыңғайлы. Сондай-ақ мына АК-74 басқа елдерден келген адамдардың қызығушылығын тудырды. Ең бастысы, олар мына «Мак миллан» мергендер мылтығына ерекше көңіл аударды. Себебі бұл өте мықты қару. 3 шақырым жерге дейін көздеп атуға болады.
Осымен сегізінші рет өтіп отырған «Алтын үкіде» қазақстандықтар бірінші орынды уыстан шығармаған. Биыл да дәстүр сақталады деген үмітте. Жарыс қорытындысы үшінші қыркүйекке шығады.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ